Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының өсімі артып келеді

0 3

Мемлекеттік бағдарламалардың аясында бүгінгі күні Қарағанды облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамып келеді. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында бүгінгі таңда облыста 428 мың бас мүйізді ірі қара, 400 мыңға жуық жылқы, сондай-ақ 688 мың бас қой мен ешкі бар екенін айтты.

Ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, өңірде ет пен сүт өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 531,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан. Сонымен қатар малдың асыл тұқымдық сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ саланы мемлекеттік қолдау бірнеше бағыт бойынша жалғасуда. Биыл агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы 7 миллиард теңге бөлінген.

– Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдық қасиеттерін жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл мақсатта асылдандыру және селекциялық жұмыстар жүргізіліп, тұқымдық түрлендіру шаралары қолға алынған. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша асыл тұқымды мүйізді ірі қараның үлесі – 11,2 пайызды, қойдың үлесі – 6,9 пайызды, жылқының үлесі 0,8 пайызды құрады. Бұл нәтижелерге қол жеткізудің негізгі факторларының бірі – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, – деді Сырым Бошпанов.

Сондай-ақ өңірде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» және «Игілік» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, оның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несие беруді көздейді. Бұл мал басын көбейтуге, оның генетикалық әлеуетін жақсартуға және шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жайлау» бағдарламасы аясында қаржыландыру жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады. Несие сомасы мүйізді ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 миллион теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығы жобалары үшін 200 миллион теңгеге дейін қарастырылған. Қаражатты асыл тұқымды мал сатып алуға ғана емес, табынды көбейтуге және репродукторлық жаңа фермалар салуға да пайдалануға болады. Ал «Игілік» бағдарламасы бойынша да сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрайды, ал қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін. Сонымен қатар қарыз алушылар үшін 30 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл шаруашылықтарға мал басын қалыптастырып, төл алу циклін аяқтап, несиені өтеудің негізгі кезеңі басталғанға дейін өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері «Береке» бағдарламасы аясында да кеңейтілді. Жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысу шарттары туралы толық ақпаратты ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалынан, www.agrocredit.kz ресми сайтынан немесе 1408 call-орталығы арқылы ала алады.