Еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты 682 өтініш түскен

0 2

Абай облысында еңбек құқықтарын қорғау және еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Жыл басынан бері өңірде еңбек қатынастарына қатысты жүздеген азаматтан өтініш түсіп, жүргізілген тексерулер нәтижесінде ондаған кәсіпорында заң талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ниетқабылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында департаментке еңбек қатынастарына байланысты 682 өтініш келіп түскен. Тұрғындардың басым бөлігі жалақының уақытылы төленбеуі, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақының берілмеуі және жұмыстан заңсыз босату мәселелері бойынша шағымданған.

Өтініштердің негізінде мемлекеттік еңбек инспекторлары 68 тексеру жүргізіп, нәтижесінде еңбек заңнамасының 258 бұзушылығын анықтады. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 62 ұйғарым беріліп, заң талаптарын орындамаған жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 7,2 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Баспасөз мәслихатында Ерлан Ниетқабылов еңбек инспекциясының негізгі мақсаты тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, еңбек қатынастарының барлық тараптары арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру екенін атап өтті.

– Басты міндетіміз – азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру. Біз тексерулермен ғана шектелмейміз. Жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесулер өткізіп, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Бұл еңбек дауларының алдын алуға және заң бұзушылықтардың азаюына ықпал етеді, – деді департамент басшысы.

Брифинг барысында еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында қолға алынған жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Бүгінде Абай облысындағы 722-ден астам кәсіпорында ұжымдық шарттар цифрлық форматқа көшірілген. Бұл өз кезегінде жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарын ашық жүргізуге, құжат айналымын жеңілдетуге және еңбек құқықтарының сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Департамент мамандары өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау бойынша кәсіпорындарда тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы өкілдерінің мәліметінше, алдағы уақытта өңірде еңбек заңнамасын түсіндіруге бағытталған семинарлар, оқыту кездесулері мен ақпараттық іс-шаралар жалғасын табады. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жұмыс берушілердің де заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

Айта кетейік, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау – азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі. Сондықтан еңбек инспекциясы еңбек дауларының алдын алу, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және өңірдегі еңбек қатынастарының тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырмақ.