2026 жыл еліміз үшін саяси өзгерістерге толы болды. Осы жылдың 15 наурыз күні барша қазақстандықтар болып, Жаңа Конституция жобасын қолдап, дауыс бердік. Сол саяси науқанға облыс орталығынан шалғай жатқан біздің Мойынқұм ауданының тұрғындары да белсене қатысып, бірлік пен ұйымшылдық көрсетті. Ақсақалдары ерте оянып, елді бастап сайлауға барды. Міне, соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасы қолдауға ие болды. 15 наурыз – Конституция күні мерекесі болып жарияланды.
Енді, міне, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап, Жаңа Конституция күшіне енді. Кеше ғана өзіміз жабылып дауыс беріп, қолдау білдірген жобамыз нақты қызметіне кірісті. Бұл өте қуанышты жағдай, қуанышты күн.
Жаңа Конституцияның әр тармағы қарпайым тұрғындар мүддесін қорғауға арналған. Мәселен, жаңа Конституцияның 21-бабында: «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорқау құқығына заңмен кепілдік беріледі. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарлардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжатпен, шешіммен және ақпарат көзімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті», – деп тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Біз бұл бабтан Жаңа Конституцияда жеке тұрғындардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалғанын нақты байқауға болады. Бұл – мемлекеттің жеке азаматтар алдындағы құрметі мен тұрғындарды бағалауы деп ұғынуға болады. Қазіргі таңда депозит мәселесіне қатысты арнайы мамандар дабыл қағып, халықтың алаяққа алданып қалмауы туралы жұмыстар жүргізуде. Олар халықты барынша сауатты болуға, әр істе жауапкершілік пен ұқыптылықты сезінуге шақыруда.
Бастапқы ойға қайта оралайын. Мен наурыз айында Жаңа Конституцияны қолдап, өз дауысымды бердім. Неге дауыс бердім? Себебі, Жаңа Конституция жобасының бағыты, халықтың мүддесін қорғауға арналған бағдары мені қуантты, маған ұнады. Елдің болашағы үшін осы жаңа Конституцияның жұмысы пайдалы болады деп түйдім. Осылайша, өз дауысымды бердім.
Мен осы ауданның патриотымын, қазір де аудан орталығында тұрып жатырмын. Кезінде мемлекеттік қызметте болдым, аудан әкімінің орынбасары ретінде бір ауданның экономикасына, құрылысына, тұрғын үй кешенінің дамуына жауапты болған жылдарым көз алдымда. Сонда бір ауданның мәселелері бойынша он ойланып, жүз толғанушы едік. Ал, Президент бүкіл мемлекеттің мәселесіне жауапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отанның патриоты ретінде үлкен жүкті арқалап отыр. Ол кісіге халық сенеді. Сол сенім мен құрметтің үдесінен шығу оңай емес. Президент күндіз тыным таппай, түнде көз ілмей сол аманаттар туралы ойлайды, елдің сенімін ақтауды қалайды. Сондықтан, Мемлекет басшысын қолдау, оның ойларына түсіністік таныту – ел дамуының үлкен қадамы. Қазір елімізге тыныштық, бірлік, татулық керек.
Сондықтан, Жаңа Конституцияның күшіне енген сәтін қуанышпен қабылдадым. Өз мемлекетімнің өркендегені, дамығаны маған да қымбат. Барша қазақстандықтарға қымбат. Оны елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, саяси партия жетекшілері өте жақсы ұғынады. Алда Мемлекет басшысының таңдауымен үлкен жолдар тұр. Алда Құрылтай сайлауының өтуі көзделген. Оның баршасы еліміздің дамуы үшін жасалып жатыр. Сол ел дамуы үшін жаңа қадамдар жасалып жатқаны көңілге қонады. Қазақта «Көрмес, түйені де көрмес» деген сөз бар. Көрмейтін кісі көрмейді. Әйтпесе, елдің жарқын болашағы үшін қаншама қадамдар жасалуда.
Кейде біреулер басқаша, көңілге ұнамайтын пікірлер де айтады. Бірақ, кім қандай пікірде болса да мемлекет біреу, кім қандай пікірде жүрсе де Президент – жалғыз. Қазіргі таңда көзі ашық, зиялы қауымның болмайтын қызыл сөзге еріп кетпей, ел Президентінің бастамаларын қолдаулары қажет. Жаңа бастама – елдің өркендеуіне жасалған жаңа қадам. Сол қадамға үлес қосатын, оны дамытатын да өзіміз. Себебі, еліміздің дамығаны өзіміз үшін керек. Еліміздің дамуы тек өзіміз үшін пайдалы. Сіз бен біз ең алдымен осыны естен шығармағанымыз жөн. Осындай ізгі ойлар бізді ортақ мақсатта біріктіреді. Ортақ мақсатқа ой санамызбен бірігу елдің дамуына оң әсерін береді.