Жалған құжатпен этил спиртін шетелге шығармақ болған

0 3

Қостанай облысында акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдары мемлекеттік шекара арқылы ірі көлемдегі этил спиртін заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.

Заңсыз тасымалдау дерегі Қарабалық ауданындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде анықталған. Облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Шекара қызметі департаментінің бірлескен іс-шарасы барысында ел аумағынан сыртқа жөнелтілмек болған акцизделетін өнім тексерілді.

Тергеу барысында жеке тұлғаның республиканың оңтүстік өңірлерінен 24 тонна этил спиртін тиісті лицензиясыз және кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде мемлекеттік тіркеуден өтпей тасымалдағаны белгілі болды. Осылайша, заң талаптарын бұза отырып, акцизделетін өнімді елеулі көлемде өткізуге әрекет жасаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз әрекетті жасыру мақсатында жүктің ілеспе құжаттарына өнімнің нақты атауы емес, «алма сірке суы» деп көрсетілген. Бұл салықтық бақылаудан жалтарып, жүктің шынайы мазмұнын жасыруға бағытталған әрекет ретінде бағаланды.

Жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде күдіктінің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 224-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және мұндай қызмет үшін міндетті лицензиясыз акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде тасымалдау фактісі бойынша сараланды.

Іс Қарабалық аудандық сотында қаралып, 2026 жылғы 4 маусымдағы үкіммен айыпталушы кінәлі деп танылды. Сот оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 786 400 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Сонымен қатар заңсыз тасымалданған 24 тонна этил спирті мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Мамандардың айтуынша, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы мемлекет бюджетіне айтарлықтай шығын келтіріп қана қоймай, көлеңкелі экономиканың ұлғаюына және тұтынушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу бағытындағы бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

Облыстық прокуратура өңірде алкоголь өнімдерінің заңсыз өндірісі мен айналымына қарсы күрес жалғасатынын атап өтті. Құқық қорғау органдары мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өнім тасымалдауға жол бермеу және салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да күшейте түспек.