Түркістан облысында өндірістік-инвестициялық бағыттағы жаңа жоба іске асырылуы мүмкін. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарының жалғасы ретінде Түркістан қаласында Henan Sulipu Cable Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында өңірде кабель өнімдерін шығару және түсті металдарды терең өңдеу бойынша ірі өндірістік кешен салу мәселесі қаралды. Жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспортқа бағытталған өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
«Түркістан облысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақ ретінде қалыптасып келеді. Біздің мақсатымыз – тек шикізат экспорттау емес, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамыту. Бұл жоба – сол бағыттағы маңызды қадамдардың бірі», – деді өңір басшысы.
Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде мыс, жез және алюминий өнімдерін шығаратын заманауи кабель зауыты салу жоспарланған. Кәсіпорын тәулігіне 30 тоннаға дейін таза мыс өңдеп, кабель, электр сымдары және мыс катанкаларын өндіреді. Сонымен қатар жез катанкалары мен профильдері, алюминий табақтары, таспалары және сымдары да шығарылады. Өндірістік қуат тәулігіне 30 мың метр кабель мен электр сымдарын өндіруге мүмкіндік береді.
Екінші кезеңде қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық кешен салу көзделіп отыр. Экологиялық талаптарға сай жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 15 мың тоннаға дейін өнім шығармақ.
Жоба толық іске қосылған жағдайда өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, түсті металл өңдеу саласында жаңа өндірістік бағыт қалыптасады. Сондай-ақ мыс, алюминий және жез өнімдерін терең өңдеудің толық тізбегі құрылып, жергілікті бюджет түсімдері артады деп күтілуде.
Кездесу қорытындысында тараптар өндіріс орнын орналастыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін пайдалану және мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыру мәселелерін талқылады.