Ерекше спортшылар да – елдің мақтанышы

0 2

Басына тағдыр салған қиындықтарға қарсы тұрып, оны жеңе білген азаматтар бүгінде ортамызда көп. Олардың қатарында тағдыр сынақтарына қасқайып қарсы тұра білген ерекше жағдайдағы спортшылар бар. Олар өмір қиындықтарын жеңіп ғана қоймайды. Олар халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып, алтыннан алқа тағып, елдің мерейін өсіреді. Елдің мерейін өсіру арқылы өздерінің де мерейлері өседі. Ондай азаматтар біздің өңірде саусақпен санарлық емес. Ондай намысы мол, жігерлі азаматтар біздің өңірде жүздеп саналады. Олар ерекше жағдайдан қайсарлықтары арқылы жол тауып, барша қоғамға үлгі болып жүрген саңлақтар. Олар жайлы айтылар сөз, жазылатын материалдар әрқашан көп болуы тиіс.

Бұл ерекше жағдайдағы спортшы азаматтарды бір ортаға біріктіретін, олардың спорттық мақсаттары мен мүмкіндіктерін дамытатын құрылым бар. Ол – облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.    Бұл мекеме  облыс әкімдігінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы № 439 қаулысы негізінде 2013 жылы құрылды. Қазіргі таңда Тараз қаласы, 7 «Самал» шағын ауданы, 26 үй мекен-жайында орналасқан. Аталған спорт клубын облыс жұртшылығына есімі белгілі, мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар Жолдасбеков Нұржан Қырықбайұлы бір жылдан бері басқарып келеді. Осы тұста алдыңғы толқындарды да ұмытпай, осы мекемеде 2013-2025 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бейсембаев Саттар Ерғалиұлы директор қызметін атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Саттар Ерғалиұлы қазіргі таңда жеке жаттықтырушы ретінде аталған спорт клубының дамуына өз үлесін қосуда.

Жеке бапкерлер жеңіске жол ашады

Мекемеде 30 жаттықтырушы бар. Міне, осы жаттықтырушылардан тәлім алған спортпен шұғылданушылар саны 384 спортшы. Оның баршасы мүмкіндігі шектеулі, армандары шексіз спортшылар. Олар ерекше жағдайда жүрсе де, еліне алтын, күміс медаль сыйлап жүрген батырлар. Сол стяқты Паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша да жаттығып жүрген спортшылар көп. Олар барлық спорт түрлерімен айналысып, шұғылдануына бар мүмкіндік жасалған.

Спорттық разрядтары мен атақтары бар ерекше жағдайдағы спортшылардың әр жеңісін ерлікке балауға болады. Өздері қиын жағдайда жүріп, Отанына алтын медаль сыйлаған спортшыларды қалай құрметтесек те артық емес. Атап айтқанда,  Голбол ҚР спорт шеберлігіне кандидат – Нұрқалық Рамазан, Есимов Ғалымжан, ҚР спорт шебері – Саттар Есжан, Таран Александр, Айдарұлы Нұрбек, Жанғазинов Мәдий, Сертеков Бернар, дзюдо ҚР спорт шеберлігіне кандидат – Қалзабеков Еркін, Кабылбеков Рахимберли, Кара оглы Абубакир, Мустафаев Саид, Абишова Жамихан, Жақсылықова Жұлдыз, Жұмәділ Бақытжан, Жұмаділ Ғалымжан, Адамбеков Адилет, ҚР спорт шебері – Абишова Айгерим, ҚР Еңбек сіңірген спорт шеберлері – Тугелбаев Айдос, Кара оглы Фериде, Егембердиева Эвелина, Краморова Анна. Сол сияқты жеңіл атлетикада, пара пауэрлифтингте, таеквондода, волейболда, грек-рим күресінде, еркін күресте жеңіске жеткен спортшылар жүздеп саналады.

Мәселен, бір ғана 2025 жылы бір спорттық разряд-7 деңгейіне лайық деп танылса, 42 спортшы Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер, 27 спортшы Қазақстан Республикасы спорт шебері атанды. Сонымен қатар, 34 ерекше жағдайдағы жерлестеріміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне қол жеткізсе, 12 спортшы Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген спорт шебері талабын орындады. Былтыр сонымен қатар,  ХХV жазғы Сурдлимпиада ойындары – 9 медаль, әлем чемпионаты – 12 медаль әлем Кубогы – 57 медаль алды. Жеңіс жолы осылай жалғаса береді. Соның ішінде аты алысқа кеткен спортшылар да қаншама.

Клубтың жалпы жетістіктері де жаман емес

Қай кезде де бұл спорт клубының жеңістері мен жетістіктері жаман емес. Себебі, ерекше жағдайдағы спортшыларға лайықты жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Бұл туралы аталған ерекше жандарға арналған мемлекеттік спорт клубының директоры Нұржан Жолдасбековтың айтары бар.

–   Соңғы жылдары клубымыздың 11 спортшысы еліміздің намысын қорғап, Жазғы Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Тіпті, әріректен бастасақ та артық емес. 2013 жылы Болгарияның София қаласында өткен Жазғы Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен тұңғыш чемпион атанған Ғабит Есжанов, сондай-ақ 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Жазғы Паралимпиада ойындарының тұңғыш жеңімпазы Зульфия Габидуллина, 2019 жылы Италияның Валтеллина қаласында өткен Қысқы Сурдлимпиада ойындарында Берік Нұрымов бастаған шахмат командасы тарихи жеңіске жетті. Ал, Нурдаулет Жұмағали 2020 жылғы Токио және 2024 жылғы Париж Паралимпиада ойындарында қола және күміс жүлделерге ие болды. Клуб спортшысы Өмірәлі Нышан 2014 және 2017 жылдары пара-таеквондодан екі мәрте Әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды. Сондай-ақ, Асан Нұржан 2023 жылы Бішкек қаласында өткен Сурдлимпиадалық күрестен Әлем чемпионы атанып, ел тарихында тұңғыш рет жетістікке жетті.

Мен директор болып келгелі бері де жағдай алға қарай ілгерілей түсті. Жеңімпаздарымыздың саны да, сапасы да артты. Оны жоғарыда айттық. Ендігі мақсатымыз алдағы уақытта өтетін Сурдлимпиада ойындарында, Паралимпиада ойындарында, Әлем чемпионатында, Әлем кубогында, Азия чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көріну. Ол мақсаттарға жету үшін біздің мекеме спортшылары жаттығатын базалар талапқа сай, спортшыларымыздың мүмкіндігі жоғары. Баршамыздың мақсатымыз жауапкершілікті сезіну. Оны ерекше жағдайдағы спортшылар өте жақсы ұғынып, үнемі жеңіске ұмытылып тұратыны қуантады,– дейді Нұржан Қырықбайұлы.