Сақтық – қауіптен қорғайды

0 2

Қазіргі жаһандану дәуірінде адам саудасы әлемдік деңгейдегі күрделі әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл қылмыс түрі адамның құқықтары мен бостандықтарын өрескел бұзып қана қоймай, қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына да кері әсерін тигізеді. Әсіресе жастар – адам саудасының ең осал нысандарының бірі.

Жастардың осал болуының басты себептерінің бірі – олардың өмірлік тәжірибесінің аздығы. Көптеген жасөспірімдер мен жастар жақсы өмір іздеп, шетелде оқу немесе жұмыс істеу мүмкіндіктеріне қызығады. Алайда кей жағдайда олар жалған уәделерге сеніп, алаяқтардың құрбанына айналады. Жұмыс ұсынамыз деген желеумен оларды заңсыз жолмен басқа елдерге апарып, мәжбүрлі еңбекке немесе басқа да кереғар істерге итермелейді.

Сонымен қатар, ақпараттың жеткіліксіздігі де үлкен рөл атқарады. Көптеген жастар адам саудасының қандай жолдармен жүзеге асатынын, одан қалай сақтану керектігін білмейді. Әлеуметтік желілер арқылы танысу, күмәнді жұмыс ұсыныстары, тез табыс табу туралы жарнамалар – мұның бәрі қауіптің негізгі көздері болуы мүмкін.

Экономикалық факторлар да әсер етеді. Жұмыссыздық, қаржылық қиындықтар жастарды тәуекелге баруға мәжбүр етеді. Кейбіреулер жақсы табыс табу үшін қауіпті ұсыныстарға келісіп, кейін өз еркінен тыс жағдайда қалып қояды.

Адам саудасының алдын алу үшін ең алдымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздік, құқықтық сауаттылық тақырыптарына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен қатар, жастарға сенімді жұмыс көздерін таңдау, келісімшарттарды мұқият оқу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту туралы кеңес беру маңызды.

Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, жастарды қорғау шараларын күшейтуі қажет. Құқық қорғау органдарының жұмысы, үкіметтік емес ұйымдардың қолдауы, сондай-ақ әрбір азаматтың бейжай қарамауы – адам саудасына қарсы күресте шешуші рөл атқарады.

Жастар – қоғамның болашағы. Оларды адам саудасы сияқты қауіп-қатерлерден қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.