Есірткі саудасына қатысу – Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша ауыр және ерекше ауыр қылмыстар қатарына жататын, өте қатаң жазаланатын заңсыз әрекет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қоғамның дамуына кедергі келтіретін: нашақорлыққа, құмар ойындарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, буллинг және агрессияға, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы күрес жариялады. Осылардың ішінде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресудің маңызы өте зор.
Есірткілік заттар – тәуелділік тудыратын улы заттар. Осыған қарамастан кейбір жастар оны бірнеше рет тұтынудың нәтижесінде тәуелді болғанын білмей қалып, соңы қылмысқа ұрынып жатады. Онымен қоймай есірткі құралдарының заңсыз айналымына себепкер болып жататыны да жасырын емес. Ұлттың болашағына кері әсер ететін бұл мәселе – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың біріне айналғаны шындық.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында есірткі қылмыстарымен күресті және оның алдын алуды ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындаған болатын. Сондықтан осы бағытта елімізде, соның ішінде ауданымызда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының ұйытқы болуымен барлық білім ордаларында оқитын мектеп оқушыларымен түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып, онда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі қылмыстарының қоғамдық қауіптілігі, ескірткі қылмыстарына қатысудың ауыр салдары туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Түрлі форматтағы кездесулерде оқушыларға есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны, сондай-ақ, есірткіні өткізу (саудалау) қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатындығы туралы кеңінен ақпараттар берілді.
Есірткі саудасына қатысу – өмірді түрмеде өткізу деген сөз. Сондықтан әрбір жас бұл қылмыстың болашағы жоқ екендігін түсініп, өз өміріне жауапкершілікпен қарағаны абзал. Президенттің ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда жастардың санасына кез келген заң бұзушылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру арқылы заңды құрметтеуді, есейген кезде қоғамға пайдалы, адал қызмет ететін азамат болып өсудің маңыздылығын ұғындыру. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеп отырған әр отбасы ұл-қыздарының заңды білу арқылы өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, қоғамда орын алатын түрлі қауіп-қатерлерден қорғана алуы үшін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете білуі қажет. Сол себепті оларға құқықтық тәрбие беру, кереғар әдеттерден аулақ болуға шақыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізе беру қажет деп санаймыз.