Әскер қатарына қабылдану – Отаны сенім артқан нағыз азаматтың ісі. Осы міндетті түсініп, азаматтық борышын өтеуге өз еркімен сұранып, әскерге барып қайтатын азаматтарға қуанасың. Негізі сондай патриот жігіттердің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Мойынқұм ауданы, Айтбай Назарбеков атындағы ауылдың тұрғыны Рамазан Лесбек.
Рамазанға ешкім үгіт-насихат жұмысын жүргізген жоқ. Отанын қорғауы керек екенін азамат ретінде жүрегімен сезінді. Ол әрине, өте жоғары, ең бір асыл қасиет. Біздің жастарымыздың түсінбей, сезіне алмай жататыны да осы патриоттық жағы. Әскерге бармай, сол борышты өтеуі тиіс бір жылда басқа шаруалар тындырғысы келеді. Сонда ол қандай шаруа екен? Отаныңды қорғаудан, мемлекетіңнің шекарасын күзетуден артық қандай тығыз міндет керек. Ержігітке бірінші парыз – Отанын қорғау.
Рамазан Лесбекұлы осы міндетін жақсы түсініп, 2024 жылы көктемде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысы, Серебрянск қаласында (Өскемен қаласына жақын) Отан алдындағы міндетін бір жыл бойы адал атқарды. Адалдығы сол болар, командирлерінен ата анасына үнемі Рамазан Лесбекұлының қызметі үшін алғыс білдірген хаттар қайта-қайта келіп жатты. Баласына Қорғаныс саласының командирлері алғыс айтып, хат жолдап жатқан кезде ата-анасының төбесі көкке жеткендей қуанатын. Атап айтқанда № 97638 әскери бөлімінің командирі, Ұлан қызметінің подполковнигі Александр Фоменкадан келген алғыс хатты ата-анасы балаларына өздері берген оң тәрбиенің жемісі деп түсінді.

Рамазан – алдыңғы қатардағы сарбаз болды. Спорттық нормадан да, өзіне артылған әскери міндетті орындау жағынан, тәртіп жағынан да өзгелерден оқ бойы озып жүруге күш салды. Себебі, өзін Отанға адал қызметін сіңіріп жатқан патриот азамат ретінде сезіне алды.
Рамазанды үлгі етіп айтатындай да жөніміз бар. Бұл азаматтың отанды сүйген, өз елінің Қорғаныс саласына үлес қосқан жүрегін жоғары бағалағанымыз жөн. Себебін айтайық. Қазір әскерге өздігінен сұранатындар аз, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Бозбалалардың көбі Отан алдындағы борышын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, ақша табуды мақсат тұтады. Ата-аналары да қолдан келсе ұлдарын әскерге жібермеудің қамын жасап, балаларының бұл шешімін құптайды. Неге құптайды? Сонда Отанды кім қорғайды?
Ата-ана бұлай баласына өздері ор қазбағаны дұрыс. Сол ата-ана ұлдарын әскерден жалтарғаны үшін айыппұл төлейтінін біле ме? Тіпті азаматтық борышынан түбегейлі бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан хабардар ма? Тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда әскерден қашқандарды заң басынан сипамайды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады. Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әскерге шақыртылған азамат Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, айыбын өтесе де, міндетінен құтылмайды. Келесі көктемгі немесе күзгі шақыртуда қайта сапқа тұрады. Әскери борышын өтеу міндеті ол азаматтың бойынан түспейді.
Қорғаныс министрлігі берген мәлімет бойынша 2023 жылдың өткен кезеңінде республика бойынша 1656, оның ішінде Астана қаласы бойынша 132 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, соның ішінде 650 (Астана қаласы бойынша 81) азаматқа ескерту жарияланған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 439875 теңгені құраған. Ведомствоның бұл статистикасына қарап отырсақ, елде әскери борышын өтеуден бас тартатындардың саны көп еместігін аңғаруға болады. Әскерге шақыру кезінде медициналық тексеріске уақтылы бармағандар немесе әскери тіркеу ережесін бұзғандар ғана аз көлемде айыппұл өтеген. Медет Тұрыскелдиевтің айтуынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардан алынған айыппұлдар Бюджет кодексінің 49-бабына сәйкес республикалық бюджет есебіне түседі.
Көрдіңіз бе, бір ғана әскерден бас тартқан азаматтың төлейтін айыппұлы қанша мөлшерде? Ал, оның басқа шығындары қаншама? Осыны ойлаған ата-ана бар ма? 18 жастан асқан ер жігіттің бір жыл ғана Отандық борышын өтеп қайтуы ешқандай ауыр салмақ емес. Сен туған кезде де анаң қалжа жеген, сен туған кезде әкең «Сарбазым өмірге келді, ертең Отанды қорғайды» деп қуанған. Сол сенімді ақтамай, әкені ренжітіп, ананы уайымдатып әскерге бармай қойған өте дұрыс емес. Сондықтан, әскери борышын адал, жоғары деңгейде атқарып қайтқан Рамазанның ісін тек ғана құптаймыз. Қазақстанның Қорғаныс қызметінде осындай адал жігіттер қызмет етуі тиіс. Бірақ, әскерден келгеніне бір жылдан асқан Рамазан әскери қызметті емес, басқа жұмысты таңдаған екен.
– Бір жыл әскери борышымды өтедім. Өз замандастарыммен бірге ойнап күліп, атқарып қайттым. Бірақ, одан әрі әскери салада жүргім келген жоқ. Қазір Ақбақай кенішінде «Майник» деген фирмада бұрғылаушы болып аусыммен жұмыс істеймін. Ауылда мектепте оқып жүрген інілеріме Отан алдындағы әскери борышты өтеу керек деп ақылымды айтамын, – дейді Рамазан Лесбекұлы.
Ал, біздің кейіпкеріміздің әкесі Лесбек Айтөленовтың да айтары бар. «Қазір еліміздің әскери базасы, армияның сапасы жақсы. Балам барып келді. Ешқандай тәртіпсіздік орын алған жоқ. Рамазанның әскердегі үздік және үлгілі қызметі үшін командирлерінен алғыс хаттар жиі келді. Мен сол кезде ерекше қуанып жүрдім. Анасы Сәуле Әбілдаева да қуанды. Отанды осы жастар қорғамаса кім қорғайды? Сырт мемлекеттен біреу келіп қорғап бермейді. Отан осы жастардың, балалардың өз Отаны – Қазақ елі. Мен балама әскерге барып келуге кеңес бердім. Ал, балам да қарсы болған жоқ. Сол сияқты әр әке мен ана баласын жастай, кішкентай кезінен тәрбиелеген кезде Отаншылдыққа, елі мен жерін сүюге бағыттағандары жөн. Өмірге ұрпақ әкелген соң, оның болашағын ойлау, оған дұрыс тәрбие беру әкенің міндеті.
Тәрбиенің үлкені – патриоттық тәрбие. Отанын сүйген, отандық борышын өтеуді түсінген бала ертең талай жетістікке жетеді. Отанын қорғауға патриоттық сезімі мен ақылы жетпеген, елдік істерге құрметі аз азаматтан ертең білікті маман шығады деп айту қиын. Тіпті, ондай азаматтар әкесі мен анасын да жақсылап сыйлайды, құрметтейді дегенге күмәнім бар. Себебі, ата-анадан дұрыс тәрбие алмаған баланың Отанын қорғауы, үлкен істер тындыруы екіталай. Сондықтан, ата-аналарға айтарым балаларыңызды батыл, шыншыл, білімді, өз Отанын жақсы көретін ұлдар етіп тәрбиелеңіздер. Отанын жақсы көрген бала ата-анасын да жақсы көреді. Жалпы, жақсы көру – асыл қасиет. Ол жүректің сезінуімен, сананың биіктімен келеді. 18 жастан асып азамат болған ұлдарымыз сана биігінде биік болса екен тілегіміз. Сана биігінде сөйлеу, түсіну, ұғыну – үлкен қасиет. Сана биігі – биік сезім. Баламызға патриоттық тәрбие бере алғанымызға, баламның өз отанын құрметтеп, әскери борышын өтеп қайтқанын көре алғанымызға өте қуаныштымын, дейді патриот ұлдың әкесі Лесбек Еркінбекұлы.
Жігіт болып 18 жастан асқан соң, әскерге бару әр азаматтың парызы. Оны басқаша ойлап, басқаша жалтаруға болмайды. Сондықтан, әр ата ана үйдегі тәрбиені түзеп, балаға патриоттық тәрбие бергеніңіз жөн. Мектеп ұстаздары, әсіресе алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі баланың бойына патриоттық сезімді сыйлай білгені жөн. Сонда еліміздің Қорғаныс шебі патриот ұландармен нығая түсетін болады.
Жарайсың, патриот Рамазан!