Биназар ауылында ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Жиын барысында әскери қызметтің маңызы айтылып, Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген азаматтарға алғыс білдірілді.
Жиын барысында, іс-шара қонақтары: Варшава қаласында әскери борышын өтеген Рысқұлов Қырғызбай Шиенұлына, Семей ядролық полигонында, Курчатов және Аягөз қалаларында әскери борышын өтеген Жүнісов Болат Оразұлына, Таулы Қарабақ аймағында әскери борышын өтеген Есімов Көлбай Уәтәйұлына, Отар ауылында орналасқан ірі әскери аймақтағы №25-517 әскери бөлімінде қызмет еткен Бейсенбаев Қайрат Назарқұлұлы мен Бүкенова Әлима Сапарқызына, сондай-ақ, О.Жандосов атындағы орта мектебінде 40 жыл бойы «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінен сабақ берген Шіркеев Бауыржан Дәліұлына ерекше құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Оларға жас жеткіншектер тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, әскери салаға еңбегі сіңген қонақтар оларға жауап қайтарды. Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, оқушылар тақпақтарын арнады. Сонымен қатар, әскери-патриоттық ойындар ұйымдастырылып, Калашников автоматын шашып, қайта жинау сайысы өткізілді.
Жас ұрпақты елін сүюге, ерлікке тәрбиелеу мақсатында тағылымы мол бағдарламалар ұсынылды. Қорытындылай келе, ардагер сарбаздар қатысқан бұл іс-шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін қорғаған азаматтарға деген құрметті арттыра түсті. Іс-шара барысында ардагерлер өздерінің әскери өмірінен тағылымды әңгімелер айтып, Отан алдындағы борыштың маңызын түсіндірді. Іс-шара жастардың бойында елжандылық, батылдық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға үлкен әсер етеді деген ойдамыз. Ардагерлердің ерлігі мен еңбегі кейінгі буынға әрдайым үлгі екені анық.