Көктемнің мамыражай мамыр айында өткен «Еңбек ардагеріне сыйлық» атты тағылымды акция көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырылып, соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігі мен еңбегін ұлықтауға бағытталды.
Іс-шараны Меркі ауданы «Меркілік Әміржан» ЖШС балабақшасының «Солнышко» ортаңғы тобының тәрбиеленушілері, тәрбиешісі Севда Кузелова және ата-аналар қауымы бірлесе ұйымдастырды. Акцияның бастамашысы – балабақша тәрбиеленушісінің анасы Наталья Кадирова. Кездесу аудандық орталық саябақта өтті.
Саябақ іші балалардың шат күлкісіне толып, тәрбиеленушілер әскери киім үлгісінде ән орындауға дайындалып жүрген болатын. Дәл осы сәтте балалардың қатарына 80 жастағы еңбек ардагері Абдуллах Жүсіпбеков келіп қосылды. Оның қарапайым ғана «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен де бір кезде сендер сияқты кішкентай болғанмын» деген сөзі жас буынды бір сәтте баурап алды.
Ардагер өз өмір жолынан сыр шертіп, әкесінің 1941 жылы майданға аттанып, Украина жерінде соғысқанын, Берлинге дейін жеткенін тебірене еске алды. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдардағы еңбек жолы туралы айтып, ПМК-74 мекемесінде 22 жыл бойы механик болып қызмет атқарғанын жеткізді. Ол өз естеліктерінде қиындыққа толы еңбек күндерін ерекше жылулықпен еске алды.
Балалардың бірі – Рабия ардагерге «Сізге суық болмады ма?» деген сұрақ қойғанда, ол күлімсіреп: «Болды. Бірақ біз адамдар үшін еңбек еттік, сендер үшін де», – деп жауап берді. Бұл сөздер балалардың жүрегінде терең із қалдырды.
Балалар ардагерге арнап «У солдата выходной» әнін орындап, Жеңіс күніне арналған өлеңдер оқыды. Ардагер олардың өнеріне риза болып, бірге әнге қосылды.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар бірге орталық саябақтағы ескерткішке барып, қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Абдуллах Есжанович ескерткішке гүл шоғын қойып, ең кішкентай балаларға да гүл қоюға көмектесті. Сол сәтте ол «Өмір – еңбек пен естеліктің арқасында сақталады», – деп атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар ардагерге шынайы алғыстарын білдіріп, зор денсаулық тіледі. Ал ардагер өз кезегінде балаларға көрсетілген құрмет пен ықылас үшін ризашылығын жеткізді.
Ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған мұндай шаралар жас буынның бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, үлкенге құрмет пен тарихқа тағзым етудің маңызын арттыра түседі.