Мобильді аударымға бақылау күшейеді

0 4

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері тілшілер қауымына мобильді аударымдарға қатысты жаңа бақылау тетіктері мен өңірде жүзеге асып жатқан «Кәсіпкердің абыройы – адалдықта, тұтынушының сенімі – фискалды чекте» атты серпінді жоба жөнінде кеңінен айтып берді. Баспасөз мәслихатына мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов пен камералдық мониторинг басқармасының басшысы Нұрзат Егисинов қатысты.

Спикерлердің айтуынша, соңғы уақытта халық арасында мобильді аударымдарға қатысты сұрақтар жиілеген. Әсіресе кәсіпкерлік қызметке байланысты аударымдарды бақылау мәселесі қоғамда қызу талқыланып отыр.

Ерлан Нұрмаханбетовтың сөзінше, мобильді аударымдарға бақылау енгізудегі басты мақсат – кәсіпкерлік табысты жеке ақша аударымдарының тасасына жасырудың алдын алу және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту.

– Қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлер тауар немесе қызмет ақысын POS-терминалсыз, фискалды чек бермей, тек жеке есепшоттарына мобильді аударым арқылы қабылдайды. Мұндай жағдайда нақты табыс ресми есепке алынбай қалады. Сондықтан бақылау тетігі адал кәсіпкерлікті қолдауға, фискалды тәртіпті күшейтуге және қолма-қол ақшасыз төлем мәдениетін дамытуға бағытталған. Ал азаматтардың туыстарына, достарына немесе жеке мақсатта жасайтын қарапайым аударымдарына ешқандай шектеу қойылмайды, – деді басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, бақылау нақты белгіленген өлшемдер негізінде жүргізіледі. Егер бір азаматтың кәсіпкерлікке арналмаған жеке банктік шотына қатарынан үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан қаражат түссе және аударым көлемі ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, онда мұндай операциялар назарға алынады. Екінші деңгейлі банктер тоқсан сайын салық органдарына тиісті мәліметтерді жолдап отырады. Алайда ақпарат тек белгіленген талаптар толық сәйкес келген жағдайда ғана ұсынылады.

Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Нұрзат Егисинов бақылау жұмыстары екі кезеңнен тұратынын айтты. Алғашқы кезеңде азаматтарға жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелу қажеттігі жөнінде ескерту сипатындағы хабарлама жіберіледі. Бұл хабарлама жауап беруді талап етпейді. Екінші кезеңде салық есептілігі тапсырылғаннан кейін камеральдық бақылау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталса, тиісті хабарлама жолданады.

– Азаматтың белгіленген өлшемдерге сәйкес келуі бірден банктік шотты бұғаттауға негіз болмайды. Шығыс операцияларын тоқтату тек заңда көзделген тәртіппен, яғни салық органдарының хабарламасы орындалмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады, – деді Нұрзат Егисинов.

Баспасөз мәслихатында облыста жүзеге асырылып жатқан «Кәсіпкердің абыройы – адалдықта, тұтынушының сенімі – фискалды чекте» жобасына да ерекше назар аударылды. Жоба адал кәсіпкерлерді қолдауға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және фискалды чектердің берілу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жиын соңында департамент өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, мобильді аударымдарға қатысты түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.