Мемлекеттік аудитпен 136 миллиард 346,2 миллион теңге қаражат қамтылды

0 4

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы жергілікті бюджеттің атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Тексеру комиссиясы өзінің қызметін Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңына, сонымен қатар, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» № 6-НҚ нормативтік қаулысына және т.б. нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқарады.

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің 2025 жылға арналған тізбесіне сәйкес 16 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары жүргізілді. Оның ішінде аудиторлық іс-шаралар саны – 8, сараптамалық-талдау іс-шаралар саны – 8.

Мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары 117 мемлекеттік аудит объектілерінде жүргізілді, оның барлығы мемлекеттік мекемелер. Сондай-ақ, үстеме тексерумен 10 мемлекеттік аудит объектісі қамтылды.

Мемлекеттік аудитпен 136 миллиард 346,2 миллион теңге қаражат қамтылды. Оның ішінде 122 миллиард 330,1 миллион теңге  жергілікті бюджет қаражаты, 14 миллиард 016,1 миллион теңге республикалық бюджет қаражаты (республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттер және бюджеттік кредиттер). Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 141 миллиард 836,2 миллион теңгенің бұзушылықтары, 902 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 36 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды.

Анықталған бұзушылықтардың ішінде:

– қаржылық бұзушылық – 27 миллиард 175,1 миллион теңге;

– тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 7 миллиард 338,4 миллион теңге;

– бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау – 16 миллиард 30,4 миллион теңге;

– қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы – 91 миллиард 292,3 миллион теңге.

Бағыттар бойынша (қаржылық бұзушылықтар):

– бюджетке түсетін түсімдер бойынша 898,0 миллион теңге;

– бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде 11 миллиард 107,3 миллион теңге;

– бухгалтерлiк есепті жүргізу кезінде 15 миллиард 169,7 миллион теңге;

– қаржылық бұзушылықтар болып табылатын қаржылық есептіліктің бұрмалануы (қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған) кезінде 91 миллиард 292,3 миллион теңге).

Ықтимал шығындар және жіберіп алған пайда (бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезінде) – 1 миллиард 994,2 миллион теңге.

Рәсімдік сипаттағы бұзушылықтардың ішінде:

– бюджет қаражатын пайдалану кезінде бюджет заңнамасының бұзушылықтары – 94 бірлік;

– бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде – 122 бірлік;

– қаржылық есептілікті жасау кезінде – 5 бірлік;

– құрылыс және қала құрылысы саласында – 143 бірлік;

– мемлекеттік сатып алу саласында – 335 бірлік;

– өзге де салалық заңнаманың бұзушылықтары – 203 бірлік.

Жалпы жүргізілген мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша есепті кезеңде Тексеру комиссиясының 16 қаулысы қабылданды. Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарау жөнінде мемлекеттік аудит объектілеріне 65 нұсқама жолданды.

Анықталған бұзушылықтардың ішінде қалпына келтірілуге және өтелуге жататыны 118 миллиард 467,4 миллион теңге. Оның ішінде өтелуге жататыны 1 миллиард 633,4 миллион теңге, қалпына келтірілуге жататыны 116 миллиард 834,0 миллион теңге. Бүгінгі күнге 6 миллиард 116,1 миллион теңгесі қалпына келтірілген және өтелген. Оның ішінде 678,9 миллион теңге бюджет кірісіне өтеліп, 5 миллиард 437,2 миллион теңгесі қалпына келтірілген. Қалпына келтіруге және өтелуге жататын 112 миллиард 351,2 миллион теңгенің орындалу мерзімдері келмеген. Сонымен қатар, әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға жолданған, сотқа талап қоюға бастамашылық жасау туралы жұмыстар жүргізілуде.

Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 116 қызметшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 71 ескерту, 42 сөгіс, 2 қатаң сөгіс және 1 лауазымын төмендету. Сонымен қатар, 171 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 57,9 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Атап айтқанда:

  • Лауазымды тұлғалардың тарапынан Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Бухгалтерлік есеп туралы» Заңдарының талаптары бұзылғандықтан Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне әкімшілік шара қолдану үшін жолданған 391 материал бойынша жалпы сомасы 47,8 миллион теңге айыппұл салынды.
  • Құрылыс саласында тапсырыс берушінің, мердігердің, авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған тұлғалардың жауапкершіліктерін қарау үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына әкімшілік құқықбұзушылық туралы жолданған 27 материал бойынша жалпы сомасы 6,1 миллион теңге айыппұл салынды.
  • Тексеру комиссиясының өз құзыреті шеңберінде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшін сот органына жолданған 8 материал бойынша 1,0 миллион теңге айыппұл салынды.
  • Тексеру комиссиясы тарапынан мемлекеттiк аудиторлардың өз құзыреттерiне сәйкес өздерінің қызметтiк мiндеттерiн орындауына қажеттi құжаттарды, материалдарды беруден бас тарту түріндегі кедергi келтiру немесе оларды жүзеге асыруға өзге де кедергiлер келтiру, жергiлiктi бюджеттерге түсетiн қаражатты уақтылы, толық есепке жатқызбау, мемлекеттік кәсіпорындардың жарғылық капиталдарына салынатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген нәтижелеріне қол жеткізбеуі бойынша 10 хаттама толтырылып, 2,9 миллион теңге айыппұл салынды.

Лауазымды тұлғалардың тарапынан заңсыз іс-әрекеттердің орын алуына байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін Жамбыл облысының прокуратурасына жолданған 1 материал бойынша Тараз қаласы №2 сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі №3111-24-00-1/508 үкімімен жекешелендіру объектілерін сату қағидасының талаптарын сақтамай, мемлекеттік мүлікті заңсыз жекешелендіргені үшін Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің лауазымды 2 тұлғасы қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар мен жүйелі кемшіліктерді талқылау үшін аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары, облыстық мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде отырыстар өткізіледі. Отырыстың өтетін уақыты Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының ресми сайтында жарияланады. Жиында аудит барысында орын алған кемшіліктер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бұзушылықтарды болдырмау, азайту үшін тиісті бағыт-бағдар беріледі.

Атап өтетін мәселе, Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы тарапынан мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының 2025 жылғы қызметін бағалау қорытындысымен Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының қызметі 113 баллмен (мүмкін болған 126 баллдан) «тиімді» деп бағаланды және барлық 20 тексеру комиссиясының ішінен 8-ші орынға орналастық. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 101 баллмен 12-ші орын иеленген болатынбыз.

Сонымен қатар, Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың  және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау, мемлекеттік қызмет атқарумен байланысты шектеулерді, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бермеу, сонымен қатар мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер бойынша профилактикалық іс-шаралар үнемі жүргізілуде.

Мысалы, мемлекеттік қызмет атқару барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша профилактикалық іс-шара Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің №67 түзету мекемесінде ұйымдастырылып,  заңбұзушылықтың соңы неге апаратындығы, қандайда болсын құқықбұзушылыққа жол бермеу жөнінде   қызметкерлер арасында түсіндірме жұмыстары  жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы мамандарымен бірлесе жалпы қызметтік Әдеп нормаларының және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақталуына, сонымен қатар қызметшілердің құқықтарының қорғалуына қатысты, оның ішінде тәртіптік шараларды қолданудың кейбір мәселелері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, талқыланды.

Ұжымдағы өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастырудың маңыздылығы, сондай-ақ жалпыға бірдей моральдық-әдептілік нормалардың сақталуына баса назар аударылуда. Бұл ретте «Наурыз» мерекесі аясында Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің және ардагерлерінің қатысуымен ұлттық спорттық ойын түрлері бойынша жарыс ұйымдастырылды. 2025 жылы Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған жиын барысында, ұжымдағы өздерін талапты, білімді, еңбекқор, дарынды маман ретінде көрсеткен жас мемлекеттік қызметшілердің ата-аналары шақыртылып, Алғысхатпен марапатталып, құрмет көрсетілді.

Мекеме ішінде кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру мақсатында 2 жас маман аудит саласында білімдерін жетілдіріп, ағымдағы жылы «мемлекеттік аудитор» сертификатын иеленді. Сондай-ақ, 3 қызметкер «жоғары санаттағы мемлекеттік аудитор» біліктілігін алды.

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы алдағы уақытта да облыс аумағында қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.