Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында мерзімді әскери қызметке шақырылған жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Елдік рухты дәріптеген тағылымды іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, Отан алдындағы жауапты міндетін бастауға қадам жасаған жастарға сәттілік тіледі.
Салтанатты жиын Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Батыр рухына тағзым еткен қатысушылар ел қорғау ұлт алдындағы қасиетті парыз екенін айрықша сезінді.
Ант қабылдау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы әскери қызметтің маңыздылығына тоқталып, жас сарбаздарға ел сенімін ақтаудың жауапкершілігі зор екенін айтты.
– Тәуелсіз елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі – әр азамат үшін қастерлі ұғым. Бабаларымыз кең байтақ жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның басты міндеті. Әскери қызмет сіздерді тәртіпке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелейді. Сондықтан әрқайсыңыз ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ибраев сөз алып, әскери анттың маңызына тоқталды. Ол сарбаздардың Отан алдындағы міндетті абыроймен атқарып шығатынына сенім білдірді.
Іс-шара барысында ата-аналар да толқыныстарын жасыра алмады. Ұлдарын әскер қатарына шығарып салған олар ел тыныштығын күзету – үлкен мәртебе екенін айтып, ақ баталарын берді.
Салтанатты рәсімнің қорытындысында жас жауынгерлер саптық дайындықтарын көрсетіп, қарумен және қарусыз орындалатын әскери тәсілдерді көпшілік назарына ұсынды. Әскери машықтарын шебер орындаған сарбаздар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, биыл Жамбыл облысынан мерзімді әскери қызметке барлығы 2612 азамат шақырылған. Оның ішінде 1272 сарбаз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне жіберілсе, 670 жас Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне аттанған. Сонымен қатар 650 азамат Ұлттық ұлан қатарына қабылданса, 20 сарбаз Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі әскери бөлімдерде қызмет өткереді.
Әскери ант – жай рәсім емес, елге адал қызмет етудің серті. Сондықтан Отан қорғау жолына түскен әрбір жас сарбаздың қадамы – ел болашағы үшін маңызды.