Жамбыл облысында полицейлер заңсыз есірткі сақтау және тасымалдау деректерін анықтап, ірі көлемдегі гашиш затын тәркіледі. Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде екі бірдей күдікті ұсталды.
Алғашқы дерек Меркі ауданында тіркелді. Тәртіп сақшылары 64 жастағы тұрғынның үйіне тінту жүргізу барысында құрамында «гашиш» есірткі заты бар пакетті тапқан. Қазіргі уақытта аталған заттың заңсыз сақталу мақсаты жан-жақты тексерілуде.
Сондай-ақ, «Қордай–Алматы» тасжолының 238-шақырымында күдік тудырған ақ түсті Toyota автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тексеру кезінде 48 жастағы жолаушы әйелдің сөмкесінен гашиш салынған төрт бірдей орама анықталған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 2 келі 791 грамм 38 миллиграммды құрады. Бұл аса ірі көлем санатына жатады.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, олардың өзге де қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғы анықталуда. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі таңда қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау бағытында жедел-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз сақтау, тасымалдау немесе өткізу мақсатында сақтау ауыр қылмыс саналып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлікті тәркілеу қарастырылған.