Жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кетпесін

0 2

Жастар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Қай кезеңде де мемлекет тағдыры жас буынның тәрбиесі мен танымына тікелей байланысты болған. Халқымыздың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзі де осыны аңғартады. Сондықтан жастардың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Қазіргі жастар – жаңашылдыққа бейім, технологияны тез меңгеретін белсенді буын. Сонымен қатар олар қоғамдағы ең сенгіш әрі әсерге тез берілетін топтардың қатарына жатады. Әсіресе жаһандану дәуірінде түрлі ақпараттық ықпалдар мен бөтен идеологиялардың жастар санасына әсер ету қаупі күшейіп отыр.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің діни кеңістігінде үлкен өзгерістер орын алды. Дінге деген қызығушылық артып, рухани ізденіс күшейді. Бұл – табиғи құбылыс. Өйткені дін адамды имандылыққа, сабыр мен парасатқа тәрбиелейді. Діни сауаттылық адамның қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастырып, рухани кемелденуіне ықпал етеді.

Алайда діни білімнің таяздығы кей жағдайда жастардың түрлі жат ағымдардың ықпалына түсуіне себеп болуда. Өкінішке қарай, көп жағдайда адасушылықтың түп-тамыры – білімсіздік пен тәрбиенің әлсіздігіне барып тіреледі. Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілерде тыйым салынған уағыздар мен күмәнді діни топтардың материалдары еркін таралуда. Діни танымы толық қалыптаспаған жас мұндай ақпараттарды саралай алмай, жалған идеологияның жетегінде кетуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, жастардың жат ағымдарға еруінің негізгі себептерінің бірі – отбасындағы рухани тәрбиенің әлсіреуі. Көптеген ата-ана күнкөріс қамымен жүріп, баласының ішкі дүниесіне, рухани сұранысына жеткілікті көңіл бөле алмай жатады. Мейірім мен түсіністікке мұқтаж жасөспірім өзіне қажетті қолдауды сырттан іздей бастайды. Осындай сәтте түрлі деструктивті топтар жалған жанашырлық танытып, психологиялық ықпал арқылы өз қатарларына тартуға әрекет етеді.

Жастардың күйзеліске тез берілуі де олардың теріс ағымдардың ықпалына түсуіне әсер етеді. Өмірдің қиын кезеңінде рухани әлсіздікке ұшыраған адамға қолдау мен жылылық қажет. Мұны жақсы түсінетін жат ағым өкілдері адамдарға «бауырмалдық» көрсетіп, сеніміне кіру арқылы біртіндеп өз идеологиясын таңады.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – күмәнді діни оқу орындарының ықпалы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде кәсіби діни білім беретін оқу орындары аз болды. Сол кезеңде көптеген жастар шетелге барып білім алды. Алайда олардың арасында ресми емес орталықтарда, беймәлім ұстаздардың ықпалымен теріс діни көзқарас қалыптастырып келгендер де кездесті. Қазіргі таңда елімізде діни білім беретін ресми оқу орындары жеткілікті болғанымен, әлі де болса күмәнді ортаға алданып қалатын жастар бар.

Сондықтан жастардың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуде діни сауаттылықпен қатар ұлттық тәрбиеге де басымдық берілуі тиіс. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтары, әдет-ғұрпы мен тәрбиелік қағидалары жас ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке және адамгершілікке баулиды.

Бүгінгі таңда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін дамыту – аса маңызды. Сонымен бірге діни экстремизмнің, құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы қажет.

Қоғамның жарқын болашағы – білімді, рухани бай, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жастардың қолында. Сондықтан өскелең ұрпақтың діни танымын дұрыс қалыптастырып, оларды дәстүрлі рухани жолға бағыттау – баршамызға ортақ жауапкершілік.