«Таблиғи жамағат» ағымының зияны түсіндірілді

0 3

Талас ауданындағы «Әбдірашит ата» мешітінде діни сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында жамағатқа елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» діни ағымының зияны мен оның қоғамға тигізер кері әсері жан-жақты түсіндірілді.

Кездесуді мешіттің бас имамы Ахат Қайыпбергенұлы жүргізіп, аталмыш ағымның шығу тарихы мен ұстанымдары туралы кеңінен баяндады. Имамның айтуынша, бұл топ өздерін халықты дінге үндейтін ұйым ретінде көрсеткенімен, олардың әрекеттері қазақ халқы ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам қағидаттарына және ханафи мәзһабының жолына сәйкес келмейді.

Дәріс барысында жат ағым өкілдерінің қоғамнан оқшаулануды насихаттайтыны, азаматтарды отбасы мен әлеуметтік жауапкершіліктен алыстатуға тырысатыны нақты мысалдармен түсіндірілді. Сонымен қатар діни білімі жеткіліксіз адамдарды түрлі «жорықтарға» шақырып, қаражат жинауға үгіттейтін әрекеттері де сөз болды.

Ахат Қайыпбергенұлы әсіресе жастар мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, радикалды және дәстүрлі емес ағымдар көбіне жастарды нысанаға алады. Олар әлеуметтік желілердегі жабық топтар, бейресми уағыздар мен эмоционалды әсерге құрылған әңгімелер арқылы діни түсініктерді бұрмалап жеткізеді. Осыған байланысты имам жастарды діни білімді тек ресми мешіттер мен білікті мамандардан алуға шақырды.

Кездесу барысында жамағат көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Әсіресе «жорыққа шығу» ұғымының ислам іліміне қатысы жоқ екендігі және мұндай әрекеттердің қоғам тыныштығына қауіп төндіруі мүмкін екені кеңінен айтылды.

Жамағат өкілдері мұндай түсіндіру шараларының маңыздылығын атап өтіп, діни сауаттылықты арттыру бүгінгі қоғам үшін аса қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында отбасылық тәрбиенің рөлі, жастарға дұрыс бағыт беру және сенімді ақпарат көздеріне жүгіну мәселелері де қозғалды.

Іс-шара соңында бас имам жиналғандарды бірлікке, отансүйгіштікке және ата-баба ұстанған дәстүрлі ислам құндылықтарын берік сақтауға үндеді. Ол алдағы уақытта да осындай ағартушылық кездесулер жалғасып, діни тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.