Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында негізгі басым бағыттардың бірі ретінде есірткі қылмыстарымен күресуді және оның алдын алуды айқындап берген болатын. Жамбыл облысының географиялық орналасуына байланысты өңірде есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы күрес күшейтілген. Жалпы облыс аумағында табиғи жағдайда 65 мың гектар алқапты алып жатқан, бірқатар есірткі құралдарын дайындауға шикізат болып табылатын жабайы қара сора өсетін Шу алқабы орналасқан.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аймақта «Есірткісіз болашақ» профилактикалық жобасы іске асырылуда. Оның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу. Жоба аясында жабайы қарасора өсетін нақты учаскелер айқындалып, өткен жылы жалпы көлемі 5887 гектар аумақта 3919 тонна есірткі құрамды өсімдіктер жойылды. Бұл олардың еліміздің басқа өңірлеріне таралуын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл да есірткі құрамды алқаптар жойылуда.
Есірткі қылмысы халықтың денсаулығына, қоғамдық имандылыққа және қауіпсіздікке қол сұғатындықтан, жоғары қоғамдық қауіптілікке ие. Сонымен қатар есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы ұйымдасқан қылмыстың өсуіне, азаматтарды, оның ішінде жастарды, қылмыстық әрекеттерге тартуға, сондай-ақ ілеспе қылмыстардың жасалуына ықпал етеді. Мәселен, былтыр құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп қабылданған шаралар нәтижесінде осы санаттағы қылмыстарды анықтау 10,1 пайызға (483-тен 532-ге дейін) артқан. Сондай-ақ прокуратураның үйлестіруімен 1 фитозертхана және еліміздің басқа өңірлеріне есірткі жеткізу арналарын қамтамасыз еткен 2 наркозертхана анықталған. Наркозертханалардың бірінде «куратор» анықталып, ол синтетикалық есірткінің 50-ден астам жасырылған орнының координаттарын хабарлады. Сөйтіп есірткі қылмыстарына қатысы бар 11 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, 2 халықаралық және 27 өңірлік есірткі жеткізу арнасы әшкереленді.
Сонымен қатар есірткілердің дәстүрлі түрін еліміздің басқа өңірлеріне жеткізумен айналысқан 2 ірі қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған. Бақыланатын жеткізу барысында 12 килограмм «мефедрон» тәркіленді. Сондай-ақ, Алматы қаласынан Тараз қаласының дәріханалары арқылы өткізу мақсатында тыйым салынған психотроптық зат – «трамадолды» жеткізумен айналысқан 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
Есірткімен күрес бүгінгі күні де тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Бұл бағытта қоғамдық орындарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесіндегі сотталғандарға Қылмыстық Кодекстің 296 және 297-баптарына сәйкес тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен аймақтық ҚАЖ департаментінің №26 мекемесі арасындағы жоспарға сәйкес ұйымдастырылған жиын барысында тәртіп сақшылары елімізде нашақорлыққа қарсы күрес күшейгенін атап өтті.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 27 желтоқсанында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойған еді. Бұл заң 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Ал бұл заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Егер олар үшін Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар сол 297-бап бойынша, бірақ төмендетілген санкциялармен тартылатын болады. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасы үшін көзделген. Аталған өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысу мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салғым келеді. Нашақорлық қылмыстарына қарсы іс-қимыл – мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктіруді талап ететін басым міндет.