Білім мен мәдениетке тең мүмкіндік

0 0

Тағдырдың жазуымен көз жанарынан айырылған жандарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жобалар зағип және нашар көретін азаматтарға өзін қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуіне сенім мен қайрат қосары сөзсіз. Осы орайда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы зағип азаматтарға, отбасы мүшелеріне, басқа да санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қызмет көрсету арқылы, олардың білім алуы мен рухани баюына үлес қосып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеп жүргендігін атап өту керек.

Бұл кітапхананың басқа кітапханалардан ерекшелігі – кітапхана қорында 4 форматтағы кітаптар сақталады. Олар бедерлі-нүктелі шрифттағы әдебиеттер, жайпақ баспалы қаріптегі әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар.

Арнайы кітапхананың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қазіргі замандағы қажетті ақпаратты іздеуге және тәжірбиелік қызметте пайдалануға бағыттау арқылы әлеуметтік мәдени өмірге бейімдеу. Кітапхана мәдени мекеме ретінде инклюзивтік бағытта жұмыс істейді. 2024 жылы арнайы кітапханада ерекше қажеттіліктері бар оқырмандар үшін үлкен мүмкіндік беретін арнайы аудиостудия ашылды. Аудоистудия мен тифлотехникалық құралдарға 20 миллион теңге бөлініп, игерілді. 2020 жылдан бастап кітапхана қызметкерлері зағип жандарды қоғамдық ортаға бейімдеп, өзінөзі дамыту мен өзара кітап оқуға құлшынысын нығайтуға, сонымен қатар көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың мәдени демалысын, дүние танымын өзгерту мақсатында 15 жоба, 2 үйірме жұмыс істеп келеді.

Жобаның мақсаты – көру қабілеті нашар және әлсіз көретін азаматтарға тарихи, құнды жәдігерлер сақталған облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметімен таныстыру, тарихи-мәдени жәдігерлерді сақтай отыра, өткен мен келешекті байланыстырып тақырыптық экскурсия жүргізу, әрбір құнды заттарды қолмен ұстап, сипап сезінуге мүмкіндік туғызу. 2024 жылдан бері жоба аясында көп жұмыстар атқарылған.

2024 жылдан бері аталмыш жоба аясында 14 аудио кітаппен кітапхана қоры толықты. «Кітапхана оқырмандары» жобасы аясында ватсап мессенджері арқылы 2024 жылдан бері 360 әдеби шығарма дыбысталып, оқырмандарға жолданды. Нәтижесінде 12420 тыңдалым болды. «Инклюзия және театр» жобасы шеңберінде Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кешінде «Тәтті мұң» кітабы желісімен сахналанған қойылым қойылды және «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» 8 облыстық фестивалінде Т.Рысқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған шағын қойылым, Ү.Битенованың өлеңдері бойынша «Ана» қойылымдары көрсетілді. Барлығы 4 іс-шара ұйымдастырылып, 200 оқырман қамтылды. Сонымен қатар 2025 жылы «Жүрекпен оқыған шығарма» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауы ұйымдастырылды. Аталған байқауға №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Тартысты сайыста бес театрландырылған шағын көрініс сахналанды.

Атап көрсетсек: «Ер, Бәуке», «Оян, қазақ!», «Махаббат мұнарасы», «Ай мен Айша» және «Жусан иісі» атты шығармалардан үзінділер көрсетілді. Байқауға 100 оқырман қатысып, 80 кітап ұсынылды. «4 форматты кітап» 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі зағип балаларға ертегілерді қолжетімді ету, оқу арқылы сөйлеу қабілетін, шығармашылық ойлауын дамыту, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру мақсатында 4 форматты (үлкен қаріпте жайпақ баспалы, бедерлі нүктелі Брайль қарпінде, бедерлі графикалық, дыбыстандырылған аудио нұсқада) ертегі кітаптары шығарылды.

Бұл формат арқылы зағип балалар ертегілерді көру қабілеті бар балалармен тең дәрежеде Бедерлі нүктелі Брайль қарпінде оқуға, телефонға QR енгізіп аудио нұсқада өз бетінше тыңдап, сөздік қорын молайтуға, суреттегі кейіпкерлер арқылы жағымды эмоция алуға мүмкіндік алады. «izi.TRAVEL» жобасы да зағиптар арасында жоспарға сәйкес қызмет көрсетіп келеді. Жоба ең алдымен мәдени мұра және туризм саласындағы ұйымдарға қызығушылық танытқан зағип азаматтарға, қаланың ескерткіштері мен тарихи кесенелеріне, мұражайлары мен заманауи мәдени кешендерге үш тілді гид арқылы серуендеуге жағдай жасау, бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында құрылды. Бұл жоба арқылы зағип оқырмандар аудио гидтерді үйде, қонақ үйде немесе мұражайда, кафеде тегін Wi-Fi арқылы жүктеп алуға және оларды оффлайн режимінде роуминг арқылы ақысыз пайдалана алады. Сонымен қатар GPS көмегімен көшедегі оқиғаларды автоматты түрде іске қосу оффлайн режимінде де қол жеткізе алады.

Жобаға 420 мүмкіндігі шектеулі зағип жандар қатысып, облыс пен қала маңындағы мәдени, тарихи ескерткіштер және тағы басқа тарихи кесенелер мен мұражайларды аралап, 21 аудиоформаттағы дыбысталған қажетті мағлұматтарды алып отыр. «Кітапхана ТV» жобасы 2023 жылдан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Бұл жоба кітапты көп оқитын орта қалыптастыру мақсатында құрылды. Бүгінге дейін кітап оқып жетістікке жеткен 24 қоғам өкілдерінің қатысуымен атап айтсақ ақын, қазақ поэзиясының дарабозы Хамит Есаман, сонымен қатар қоғам белсендісі, тілші Эльмира Мырза-Ғали сынды тұлғалармен сұқбат түсіріліп, әлеуметтік парақшаларға жүктелді.

«Шексіз кино әлемі» жобасы зағип оқырмандарға арналған тифлопікірі бар киноларға қолжетімділікті арттыру мақсатында құрылды. Тифлопікір көмегімен зағип адамдар арнайы түсіндірмесіз түсініксіз болуы мүмкін кино әлеміндегі заттардың, кеңістіктің, әрекеттердің ауызша сипаттамасын ала алады. Жоба аясында фильмдер айына бір рет және оқырмандар сұранысына қарай «Қазақ Соқырлар Қоғамы» мүшелері мен облысымыздағы көз жанарынан айрылған зағип оқырмандарға көрсетілді. Бүгінгі танда жоба бойынша 20 фильм және 10 мультфильм көрсетілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 28 қаңтарда көру қабілеті нашар адамдарға кітаптар мен басқа да баспа материалдарға қол жеткізуге тұсау болатын құқықтық кедергілерді жоюға бағытталған Марракеш шартын ратификациялау туралы «Зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын жарияланған туындыларға қабылдау мүмкіндігі шектеулі адамдардың қол жеткізуін жеңілдету туралы» Заңға қол қойды.

Облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы заманауи технологияларды пайдалана отырып, зағип жандарға электрондық кітапханаларға қолжетімділікті арттырып, оқырмандарға «Мобильді кітапхана» тақтасын арнайы зағиптар орталықтарына орнатуды қолға алды. Жас деңгейіне қарай 50 атау түрінен қойылған мобильді кітаптар қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар жинағы кітапхананың арнайы аудиостудиосында жазылып, мобиьлді тақтаға QR-кодтар арқылы еңгізілді.

«Мобильді кітапхана» жобасының ерекшелігі ұсынылған әдебиеттер оқырман сұранысына қарай және ай сайын ауысып тұрады. «Жасанды интеллект» жобасы шеңберінде 2025 жылы алғаш рет зағип оқырмандарға жасанды интеллект көмегімен жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты дыбысталып ұсынылды. Шығарма арнайы форматта әзірленіп, тифлотехнологиялар арқылы тыңдауға ыңғайлы нұсқада жарық көрді.

Бұл жоба көру қабілеті шектеулі жандардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттырып, руханимәдени қажеттіліктерін өтеуге септігін тигізді. Сонымен қатар кітапханада арнайы зағип жандар үшін екі үйірме жұмыс істейді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарды Брайль жүйесі (бедерлі нүктелі қаріп) бойынша оқу және жазуға үйрету мақсатында «Брайлист» үйірмесі жұмыс істейді. Арнайы кітапхананың жоғарыда көрсетілген инклюзивті бағытындағы жобалары мен үйірме сабақтары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.