Байзақтық жауынгердің бейіті Новгородтан табылды

0 2

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл толады. Сұрапыл соғысқа қазақ даласынан 1 миллион 200 мың жауынгер аттанған. Соның тең жартысы елге оралмады. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 110 майдангер 3 дәрежелі Данқ орденімен марапатталды. Қан майданда ел қорғаған талай ердің тағдыры ұрпаққа өнеге. Жеңіс жолында жанын қиған боздақтардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталады. Сол майдан даласында із-түссіз кеткен боздақтар да қаншама. Міне, араға 81 жыл салып, Байзақ ауданының тумасы, қан майданда ерлікпен қаза тапқан Абраш Алғазиевтің де қай жерде жерленгені анықталып отыр.

Алғазиев Абраш (кейбір құжаттарда Абрам) Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза тапқан жауынгер. Ол 1919 жылы ауданымызға қарасты Ынтымақ колхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Алғазы Ақмұрзаев, анасы Теңге Ақмұрзаева, ағасы Рақыш, әпкесі Рәзиямен бірге ауылда тәрбиеленіп, 1937 жылы мектепті тәмамдаған.

Абраш еңбек жолын қазіргі Жетібай ауылындағы машина-трактор стансасы наубайханасында наубайшы болып бастаған. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Ашхабад қаласындағы 81-ші Түркістан тау атқыштар дивизиясының 150-ші тау атқыштар полкінде азаматтық борышын атқарған.

1942 жылы 17 қаңтарда соғыс майданына кіріп, алғашқы күннен-ақ ерлігімен көзге түседі. Сондықтан да болса керек, осы жылы ол партия қатарына кандидат болып қабылданады. Сол жылы жараланып, жазылып шыққаннан соң Солтүстік-Батыс майданының кіші лейтенанттар даярлайтын курсында білім алады. Содан соң 241-ші атқыштар дивизиясының 303-атқыштар полкіне пулемет командирі болады. Кейінірек 916-шы атқыштар полкінде рота командирі қызметін атқарады. Ол басқарған рота жауынгерлері соғыстың ең қиын деген жерлерінде жаумен шайқасып, ерлік көрсетеді. Бір жолы 250-ші атқыштар дивизиясына немістердің Демянск плацдармын жоюға қатысу міндеттелді. Демянск ауданындағы плацдарм үшін ұзаққа созылған шайқастар ерекше табандылықпен және шиеленіспен өтті.

1943 жылдың ақпан айының соңында дивизия 1-ші шабуыл армиясы (Ударная армия) құрамына кіріп, жаяу саппен 120 шақырымдық марш жасап, Глазуново бағытына бет алады. Вязки, Веревкино ауылдары үшін шайқастарға қатысты. Вязки ауылын (Залучский/Старорусский ауданы, Ленинград/Новгород облысы) жаудан азат етті. Осындай кескілескен Новгород бағытындағы ауыр шайқастардың бірінде Абраш Алғазиев ерлікпен қаза табады. Ал бұл 1943 жылдың 6 наурызы болатын. Алайда Абраштың нақты қай жерге жерленгені көп жылдар бойы белгісіз болып, ағайындарын ойландырумен болды.

– Біз атамыздың қайда жерленгенін жылдар бойы іздеумен болдық. ОБД «Мемориал» сайтындағы деректе Ленинград облысында жерленгені ғана көрсетілген еді. Кейін ізденісті жалғастыра отырып, Новгород қаласындағы «Долина» іздестіру ұйымымен байланыстық. Сонда ғана атамыздың Новгород облысы, Поддорск ауданындағы Самбатово әскери қорымында жерленгені анықталды. Дәлел ретінде ондағы есімі қашалып жазылған мемориалдық тақтаның суреті қолымызға тиді. Бұл хабар біз үшін үлкен қуаныш әрі толқыныс әкелді. Әкемнің көп жылғы арманы осылайша орындалды. Аталған қуанышты хабар жеткеннен соң әпкелерім Бүбіхан, Қаламқас, ағам Ерғали, әкем Дүйсеналы бесеуіміз Новгород облысы, Поддорск ауданындағы Самбатово әскери зиратына арнайы бардық. Онда бізді Поддорск ауданының әкімі мен әкімшілік басшысы жылы шыраймен қарсы алып, құрмет көрсетті. Біз туған жердің топырағы мен жусанын апарып, құран бағыштадық, – дейді немересі Талғат Дүйсеналыұлы.

Жауынгер Абраш Алғазиевтің осындай азаматтық іс атқарған бауырлары Самбатово зиратынан арнайы әкелінген топырақты Жеңіс күні ауылдағы қайтыс болған бауырының жанына жерлеп, марқұмға арнап ас берді.