Қазақ халқы қашанда ел қорғанын қадір тұтқан. Батырлық пен ерлік ұғымы ұлт руханиятының ажырамас бөлігіне айналған. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі бүгінгі әскери қызметтің мәнін айқындап тұрғандай. Расында, әскер – жас азаматты шыңдайтын, жауапкершілікке тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі.
Отан қорғаушы күні қарсаңында біз 85395 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, бөлімдегі сарбаздардың күнделікті қызмет барысына куә болдық. Әскери бөлімдегі тәртіп пен жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны бірден байқалады.
Шабуылдау батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрлан Нұртазиннің айтуынша, сарбаз өміріндегі әр күн нақты жоспар мен қатаң тәртіпке негізделеді.
– Әскер – тек қару асынып жүру емес. Бұл – жауапкершілік, тәртіп, Отан алдындағы адал қызмет. Біз жас сарбаздарды жан-жақты дайындауға күш саламыз. Қазіргі заман әскері тек физикалық дайындықты ғана емес, білім мен психологиялық төзімділікті де талап етеді, – дейді майор.
Әскери бөлімдегі күн таңғы сағат алтыда басталады. «Подъем» бұйрығымен сарбаздар сапқа тұрып, таңғы жаттығуға кіріседі. Жүгіру, дене шынықтыру жаттығулары олардың шыдамдылығы мен ерік-жігерін нығайтады. Кейін жеке дайындық, әскери киімді ретке келтіру және саптық тексеру рәсімдері өтеді.
Әскердегі тәртіп қарапайым әрекеттерден басталады. Уақытпен тамақтану, киім үлгісін талапқа сай ұстау, командир бұйрығын бұлжытпай орындау – сарбаз өмірінің негізгі қағидалары.
Күннің маңызды бөлігі – оқу-жаттығу сабақтары. Бұл кезеңде сарбаздар қару-жарақпен жұмыс істеуді, тактикалық қозғалысты, әскери жарғыларды меңгереді. Сонымен қатар инженерлік дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери техникамен жұмыс істеу бағытында да білім алады.
Майор Нұрлан Нұртазиннің айтуынша, қазіргі әскери қызметте технологиялық сауаттылықтың маңызы артып келеді. Сондықтан сарбаздардың теориялық білімі мен жылдам шешім қабылдау қабілетіне ерекше көңіл бөлінеді.
Түстен кейін әскери дайындықпен қатар шаруашылық жұмыстары жүргізіледі. Бөлім аумағын күтіп ұстау, техникаларды реттеу – әскери қызметтің күнделікті міндеттерінің бірі.
Кешкі уақытта сарбаздарға аздаған тынығу сәті беріледі. Бұл мезетте олар спортпен айналысып, кітап оқып немесе туған-туыстарымен байланыс орнатады. Әскери бөлімде мәдени-танымдық іс-шаралар да жиі өткізіліп, жастардың рухани тәрбиесіне басымдық беріледі.
Әскердегі өмірдің маңызды қырының бірі – ұжымдық бірлік. Бірге қызмет еткен сарбаздар бір-біріне сүйеніш болып, достық пен бауырмалдықтың үлгісін көрсетеді.
85395 әскери бөлімін подполковник Арман Сабыров басқарады. Оның жетекшілігімен бөлімде жауынгерлік дайындық пен тәртіп жүйелі жолға қойылған.
Бүгінде әскери қызмет – ел қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, жас азаматтарды шыңдайтын тағылым мектебі. Мұнда шыдамдылық пен тәртіпке үйренген сарбаздар ертең ел қорғанына айналады.
Бейбіт өмір мен тыныш күннің қадірін әскери қызметтің жауапкершілігін сезінген жан терең түсінеді. Сондықтан Отан қорғаушы күні – ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі.