Ерекше балалар да елін сүйетін ұрпақ

0 2

«Талас аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығының» ашылғанына биыл бес жыл толды. Осы уақыт аралығында аталмыш орталық көптеген баланы өмірге бейімделуге, өз қабілетін ашуға және қоғаммен етене араласуына бағыт-бағдар беріп келеді. Әр баланың жүрегіне сенім ұялатып, ата-аналарға үміт сыйлаған мекеме бүгінде мейірім мен қамқорлықтың ордасына айналды.

Орталықта балаларға психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, түрлі түзету-дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Білікті мамандардың көмегімен балалардың сөйлеу, қимыл-қозғалыс, қарым-қатынас жасау қабілеттері дамып, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар шығармашылық, спорттық және танымдық бағыттағы шаралар арқылы бүлдіршіндердің бойындағы талантын шыңдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осындай патриоттық-танымдық іс-шаралардың бірі жуырда «Сарбазы болам елімнің» тақырыбында өтті.

7-мамыр Отан қорғаушы және 9-мамыр Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада сөз алған «Талас аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу» орталығының директоры Айгүл Иманбаева қызметкерлер мен қызмет алушы балаларды мерекемен құттықтады.

– Біздің тәрбиеленушілердің денсаулығы ерекше болғанымен, жүректері кең, армандары асқақ. Бес жыл уақыт ішінде біз олардың тек тәнін емес, рухын да емдеуді үйрендік. Мұндағы әр бала елінің кішкентай сарбазы. Мамандарымыздың әрқайсысы бір мақсатқа қызмет етеді, – деді ол сөзінде.

Расында да бес жылдың ішінде орталық көптеген отбасының сеніміне ие болып, ерекше балалардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосты. Бұл – тек атқарылған жұмыстың нәтижесі ғана емес, әр баланың болашағына деген жанашырлық пен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір баламен кешенді жұмыс жасайтын қызметкерлердің қажырлы еңбегі барлық шараның өзегі.

Ерекше қажеттілігі бар балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті ояту, олардың қоғамға бейімделуіне жол ашу және өздеріне деген сенімін нығайту және елінің патриоты болуға тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шараның дайындығына орталықтың барлық қызметкерлері бір адамдай жұмыла кірісіп, әр баланың мүмкіндігіне қарай рөл беріп, жаттығу жасатты. Әдіскерлер мен әлеуметтік педагогтар шараның сценарийін балалардың диагнозына, жас ерекшелігіне бейімдеп жазып, әр баланың сахнада өзін жайлы сезінуі үшін қауіпсіз орта құрды. Ата-аналармен тығыз байланыста болды. Психолог мамандар балаларды сахнаға дайындау кезінде мазасыздықты азайту, эмоциясын реттеу бойынша кеңестер берсе, логопед пен дефектологтар тақпақ айтатын, ән шырқайтын балалармен жеке жұмыс жасады. Сөйлеуі бұзылған балалардың сөздерді анық айтуына, рөлін сенімді жеткізуіне көмектесті. ЕДШ нұсқаушысы әскери саптық жүріс элементтерін, қол бұлғау, ту ұстау сияқты қимылдарды балалардың қозғалыс мүмкіндігіне қарай жеңілдетіп, қауіпсіз түрде үйретті. Ал, тәрбиеші мамандар әрбір балаға мейірімін төгіп, сахнада еркін өнер көрсетулеріне қолдау көрсетті.

Іс-шара барысында қызмет алушылар патриоттық тақырыптағы әндерді шырқады, ал кіші топ балалары «Сарбаз болу оңай емес» атты әскери-танымдық спорттық ойынға қатысып, өздерінін ептілігін, алғырлықтары және бір -біріне деген қолдауларын көрсетті. Тәрбиеленушілер осылай мүгедектігі бар баланың да еліне, жеріне қызмет етуге дайын азамат болып өсетінін көрсете алды.