Бір айдың көлемінде Жамбыл облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ондаған есірткі қылмысының жолын кесті. Департамент бастығының орынбасары Мақсат Қанапяевтың айтуынша, құқық қорғау органдарының шұғыл әрекетінің арқасында облыста есірткі затының таралуының жолы кесіліп, қылмыстық топтар құрықталған.
Бүгінде облыстық полиция департаменті қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды белсенді жалғастыруда. Мәселен, екі апта аралығында облыс аумағында 27 есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Оның 10-ы қылмыс, ал 17-сі қылмыстық теріс қылық санатына жатады. Жалпы жыл басынан бері 120 есірткі құқықбұзушылығы тіркелген. Оның ішінде 50 қылмыс және 70 қылмыстық теріс қылық бар. Заңсыз айналымнан 230 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде 225 килограммнан астам кептірілген марихуана, 3,6 килограмм гашиш және 1,4 килограмм синтетикалық есірткі бар.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында төрт адамнан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Күдіктілерден 112 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткі заттарын өсіру және дайындаумен айналысқан екі фитозертхананы анықтап, олардың қызметін тоқтатты. Бұдан бөлек, интернет желісінде синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз контент таратқан 2066 интернет-сайтқа тосқауыл қойылған. Сондай-ақ «Антифрод» жүйесіне кейін бұғаттау үшін 173 банк шоты енгізілді, оларда 3 884 690 теңгеден астам қаражат бұғатталған. Есірткі заттарын жарнамалайтын 44-тен астам граффити жазуы анықталып, өшірілген. Сонымен бірге жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу және жастар арасында есірткі қолдануға қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында 365 профилактикалық іс-шара ұйымдастырған.
Қылмыстық топтың жолын кесу мақсатында Тараз полицейлері синтетикалық есірткіні жасырын орындарға қойып кетушіні ұстады. Осылайша Тараз қаласында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы азаматты ұстады. Жеке тінту барысында одан қара изолентамен оралған, ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған 15 зип-пакет табылып, тәркіленді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті мессенджер арқылы есірткі жасырылған орындардың координаттарын алып отырған. Одан кейін ол Алматы және Тараз қалалары аумағында «закладка» жасау арқылы есірткі таратумен айналысып, орындардың координаттарын белгілеп, фотоесептерді өзінің жетекшісіне жіберіп отырған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат «Альфа-PVP» психотроптық заты болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Полицейлер есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауда.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында синтетикалық есірткіні жасырын таратқан әйел ұсталды. Яғни, Тараз қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы әйел ұсталып, қамауға алынды. Жеке тінту кезінде одан өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған зип-пакеттер табылып, тәркіленді. Кейін оның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында жатын бөлмесінен де осындай орамалар, электронды таразы және есірткіні өлшеп, орауға арналған өзге де құралдар алынды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйел әлеуметтік желілер арқылы жұмыс туралы хабарландыруды көріп, кейін есірткі заттарын таратуға байланысты заңсыз қызметпен айналысуға келіскен. Ол жасырын орындардан есірткіні алып, оны бөлшектеп орау және Алматы мен Тараз қалалары аумағында «жасырын орындарға» орналастыру міндетін орындаған. Жалпы алғанда, ұсталған азаматшадан 122 грамм 86 миллиграмм «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта бұл оқиғаның барлық мән-жайын және қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ Жамбыл облысында ірі көлемдегі есірткі тарату әрекетінің жолы кесілді. Атап айтсақ, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолының 122-шақырымында полицейлер жеке тасымалмен айналысатын Шу қаласының 55 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Volkswagen Golf» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлік құралын тінту барысында жолаушылардың бірінен «гашиш» есірткі заты салынған пакет табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 9 килограмм 707 граммды құрады. Осылайша, полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі партиясын тарату әрекетінің алдын алды.
«Полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрі үйлесімді жүргізген жұмысының нәтижесінде шамамен 20 мың реттік тұтынатын есірткі мөлшерінің таралуына жол берілмеді. Бұл – мыңдаған адамның өмірін нашақорлыққа тәуелділіктің ауыр салдарынан сақтап қалуға мүмкіндік берді», — деп атап өтті Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қанапяев.
Аталған дерек бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ал Меркі ауданында 64 жастағы азаматтың тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде «гашиш» есірткі заты салынған пакет табылды. Сонымен қатар, «Қордай–Алматы» автожолының 238-шақырымында полицейлер ақ түсті Toyota автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 48 жастағы жолаушы әйелдің сөмкесінен «гашиш» есірткі заты салынған төрт орам анықталды. Тәркіленген гашиш есірткі заттарының жалпы салмағы 2 килограмм 791 грамм 38 миллиграммды құрайды. Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Ал облыс полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына қарасты кинолог мамандар Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымының жолы кесілді. Полиция өкілдерінің айтуынша, «Қордай – Шу» автожолының 34-шақырымында полицейлер 59 жастағы азамат басқарған Audi маркалы автокөлікті тоқтатты. «Макс» қызметтік-іздестіру итімен көлік құралын тексеру барысында алдыңғы қақпақ астынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған полипропилен қап табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 3 килограмм 947 граммды құрайтын «гашиш» есірткісі екені белгілі болды. Күдікті ұсталып, Қордай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қырағы иттердің әрекеті студенттермен болған кездесуде көрсетілді. Із кесу, тыйым салынған заттарды анықтау және «қылмыскерлерді» ұстау – «боевик» фильмінен алынған көрініс емес, студенттерге арналған әсерлі көрсетілімнің бір бөлігі. Ол іс-шара облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы кинологиялық қызметінің және Тараз қаласы әкімдігі Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен «Студенттер есірткіге қарсы» акциясы аясында өтті. Студенттер қызметтік иттердің жұмысымен танысып қана қоймай, олардың есірткі заттарын қалай анықтайтынын, тапсырмаларды нақты орындайтынын және шартты құқықбұзушыларды ұстауға қалай қатысатынын өз көздерімен көрді.
Көрсетіліммен қатар қатысушыларға мамандар есірткінің зияны мен оны қолданудың салдары, соның ішінде синтетикалық заттардың қауіптілігі туралы маңызды ақпараттар берді. Мұндай тірі қарым-қатынас пен жеке әсер сыйлау – жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Қызметтік иттер – қылмыстарды ашуда тиімді көмекші ғана емес, сонымен қатар профилактика ісінде маңызды серіктес болып табылады.
Мұндай іс-шара Тараз қаласындағы «Бүркітәлі» мектебінде де өтті. Онда «Оқушылар есірткіге қарсы» тақырыбында профилактикалық дәріс және акция ұйымдастырылды. Іс-шараға Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері мен есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты. Кездесу барысында мамандар оқушыларға есірткі заттарының зияны мен оны қолданудың ауыр зардаптары туралы жан-жақты түсіндірді.
Жасөспірімдердің өз денсаулығына саналы әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Оқушыларға саламатты өмір салтын ұстану, спортпен және шығармашылықпен айналысу, сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолдануға алып келетін қауіп факторларынан аулақ болу жөнінде ұсыныстар берілді. Әсіресе, кинолог мамандар мен қызметтік иттердің көрсетілімдері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Демонстрация барысында мамандар тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін көрнекі түрде көрсетіп, оқушыларға құқық қорғау органдарының жұмысы туралы жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Өткізілген іс-шара жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналды. Акция соңында оқушылар төрт аяқты көмекшілер – қызметтік иттермен естелік суретке түсті.
Сондай-ақ Тараз қаласында 300-ден астам студенттің қатысуымен нашақорлыққа қарсы акция өтті. Облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық қызметпен және Тараз қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлықпен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттеріне арналған «Қазіргі цифрлық әлемдегі нашақорлық» тақырыбында профилактикалық акция өткізді. Іс-шараның негізгі мақсат – жастар арасында саламатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру және есірткіге деген теріс көзқарасты нығайту болды.
Кездесу барысында қатысушыларға есірткі және синтетикалық заттарды қолданудың зияны мен салдары түсіндіріліп, есірткі қылмысының заманауи үрдістері туралы айтылды. Әсіресе, есірткінің интернет, мессенджерлер және анонимді арналар арқылы, соның ішінде «жасырын орындар» («закладка») тәсілімен таратылатынына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ студенттерге синтетикалық есірткінің аса қауіпті екені, оның тез тәуелділік туғызатыны және денсаулыққа орасан зор зиян келтіретіні ескертілді. Полиция қызметкерлері жастарды нашақорлық мәселесіне бейжай қарамауға және оның алдын алу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Іс-шара соңында қатысушыларға қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы көрсетілді. Кинолог мамандар есірткі заттарын іздеу және шартты құқықбұзушыларды ұстау дағдыларын көрсетті. Бұл студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Аталмыш акция нашақорлықтың алдын алуға және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға маңызды үлес қосты.
Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қанапяевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және тасымалдау, өткізу мақсатында жасағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.