Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат – цифрлық трансформацияны жеделдету, экономика мен қоғамдық өмірге озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу және елдің цифрлық держава ретіндегі әлеуетін арттыру.
Бұл жүйе бүгінде кітапханаларға да еніп үлгерді. Яғни, кітапхана қоры да жазылған әдеби туындыларды қалың оқырманға танытып, көпшілікті көркем шығармаға қызықтыру үшін жасанды интеллектіні тиімді пайдаланып отыр. Осы ретте кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы облыстық семинар ұйымдастырды.
«Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі» тақырыбындағы семинарға аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана бөлімдерінің мамандары қатысып, заманауи кітапхана ісіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Семинардың шымылдығын кітапхананың ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айзада Төлебаева ашып, модератор ретінде жасанды интеллект технологиялары кітапхана қызметін бұрынғыдан да қолжетімді етіп, оқу мәдениетін дамытуға зор ықпал етіп отырғанын атап өтті.
– Жасанды интеллекттің көмегін пайдаланудағы тиімді тәсілдерді әріптестерге тарату бағытындағы семинарды екінші рет өткізудеміз. Алғашқысында MS Speech bot бағдарламасын қалай пайдалану керегін кітапханамыздың қызметкері Ербол Аққайұлы түсіндірген болатын. Ол әсіресе зағип жандарға өте қажет. MS Speech bot жазбаша мәтінді ауызша айтып, жеткізеді, Ал екінші рет ұйымдастырып отырған семинарымызда жасанды интеллектті мәдени, білім беру іс-шараларында қалай пайдаланған дұрыс екеніне тоқталудамыз. Мысалы, ақын-жазушылардың өмірбаяндарын, қызықты сәттерін тек ауызша айтып қоймай, бейнефильм секілді етіп көрсетеміз. Сонымен қатар Grok Ai арқылы оқырманды әдеби туындыға шақыру үшін жасалатын жұмыстар жөнінде тәжірибемізді таратудамыз, – дейді Айзада Амангелдіқызы.
Кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова «Ақылды көмекші: ЖИ-ді кітапханашының сенімді серігіне айналдыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, күнделікті кітапхана жұмысында тиімді қолдануға болатын ақысыз жасанды интеллект құралдары жөнінде пайдалы мәліметтермен бөлісті.
– Қазіргі заманда ақпарат көлемі күн сайын өсіп жатыр, ал оқырман сұранысы да жылдам, нақты жауапты талап етеді. Осындай жағдайда бізге уақытты үнемдейтін, жұмысты жеңілдететін құрал қажет. Жасанды интеллект – дәл осындай көмекші. Ол бізге мәтінді жылдам қысқартуға, күрделі ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіруге, кітап мазмұнын талдауға, сценарий, жоспар, презентация жасауға көмектеседі. Ең маңыздысы – бұл құралдарды пайдалану үшін арнайы IT маман болудың қажеті жоқ. Қарапайым сұрақ қойсаңыз болды, жауап дайын. Бірақ бір маңызды сұрақ туындайды, «Жасанды интеллектке толық сенуге бола ма?», жоқ, толық емес. ЖИ – бұл көмекші, бірақ ол кейде қате ақпарат беруі мүмкін. Кейбір деректерді ойдан құрастыруы да ғажап емес. Әрқашан соңғы жаңалықты білмеуі де мүмкін. Сондықтан кітапханашы ретінде біздің рөліміз өзгермейді, біз әлі де ақпаратты тексеруші, сараптаушы болып қаламыз. Яғни, ЖИ кітапханашының орнын баса алмайды, бірақ біздің жұмысымызды жеңілдетеді, – дейді Толқын Тәжітөреқызы.
Семинар барысында зағиптарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Рыскүл Иманбек жасанды интеллект бағытындағы Grok AI бағдарламасымен жұмыс істеу жолдарын практикалық түрде таныстырып, тиімді қолдану әдістерін көрсетті. Қатысушыларға ұсынылған бағдарлама арқылы өздерінің креативті идеяларынан бейнероликтер жасап көруге мүмкіндік берілді.
Семинар аясында «GENIUS SCOOL» репетиторлық орталығының негізін қалаушы, нейропсихолог Гүлжамал Жайлыбаева «Тыныштықтың нейропсихологиясы: агрессиямен қалай жұмыс жасап, өзіңді қалай сақтап қалуға болады?» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар эмоциялық тұрақтылық, күйзеліспен күресу және ішкі тепе-теңдікті сақтау жолдары туралы маңызды мағлұматтар алды.
Жиын соңында аудандық кітапханашылар тарапынан келіп түскен ішкі жұмыстарға қатысты түрлі сауалдар мен ұсыныстар талқыланып, әріптестер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңына ұласты. Семинар қатысушылар үшін кәсіби білім мен тәжірибені толықтыратын, жаңа идеялар мен заманауи мүмкіндіктерге жол ашқан мазмұнды басқосу болды.