Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет екенін айтты. Жетісу облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақтың айтуынша, облыста ет өндірісі белсенді дамып келеді. Қазір аймақта 72 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Былтыр өңірдің бордақылау алаңдарында 19 мыңнан аса ірі қара мал бағылып, 13 мың тонна ет өндіріліп, 3 мыңнан аса ет экспортқа жіберілген. Ал, қазір шетелден тек сиыр етіне ғана сұраныс артуда. Өткен жылы ірі қарадан басқа, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге жылқы мен түйе еті экспортталған.
– Президентіміз ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастыруды, жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән беруді тапсырған болатын. Президент атап көрсеткендей байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті Жетісу облысының агроқұрылымдары дұрыс пайдаланып келеді. Өңірде мал шаруашылығымен айналысатындар үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Несие субсидиялаудың жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша 2,5 пайызбен беріледі. Бұдан басқа, «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржыландырылатын көптеген бағыт бар. Бұл біздің мал өсірушілерімізге жақсы көмек. Осының нәтижесінде былтыр ауылшаруашылығы саласына 47 миллиард теңге инвестиция құйылды. Өткен жылдармен салыстырғанда, өсім 2,5 есеге жуық, – дейді Данияр Ысқақ.
Сондай-ақ оның айтуынша, биыл құс етін өңдейтін кәсіпорындар желісін, балық шаруашылықтарын, сондай-ақ, құрама жем өндіретін зауыттар ашу жоспарда бар. Инвестицияның жалпы сомасы 113 миллиард теңгеден асады.
Облысқа қарасты Ақсу ауданын алатын болсақ, жыл басынан бері агросалаға салынған инвестиция көлемі 540 миллион теңгені құраған. Ауданында қазір 100 мыңға жуық ірі қара мал басы бар. Осыған байланысты онда ет және қайта өңдеу бағытындағы экспортқа бағдарланған кешендер желісі ашылуда. Қазір бордақылау алаңында 700 бас ірі қара бағылуда. Негізінен абердин-ангус пен қазақтың «ақбас» сиырына басымдық беріледі. Бұл климаттық белдеуде олар ойдағыдай бейімделіп, күтім кезінде жақсы салмақ қосады.
Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын өңірде жалғасын табуда. Бізде мал азығын дайындау құрама және теңдестірілген жемшөп сүрлем, дәнді және күнбағыс жомы түріндегі табиғи қоспаларға негізделген. Осының арқасында мал салмақ ұстайды. Әр 20 күн сайын әр бұқашықтың қанша келі қосқанын өлшеп, бақылап отырамыз, – дейді зоотехник Ерлан Данабатыров.
Кәсіпорынға өз қаражатынан басқа, бордақылаумен айналысатын кәсіпорындарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарты миллиард қарыз қаражаты салынды. Келешекте ет комбинатын салу үшін тағы миллиард теңгеге жеңілдетілген несие алу көзделген. Кәсіпорын жетекшісі Азат Көпжасаров, сондай-ақ, бордақылау алаңы экспортқа арналған бордақылаудың зәкірлік өндірісі болатындай етіп ұйымдастырылғанын айтты.
– Өткен жылы біздің фермерлер 12 мың тонна ет өндірді. Биылғы көрсеткішті 15 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазір тағы бірнеше бордақылау алаңдарын ашуға өтінімдер бар, – дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов.