Елімізде 95 мың шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар, оның 25 мың шақырымы – Көлік министрлігіне қарайтын республикалық маңызы бар жолдар. Олардың нормативтік жағдайы 94 пайызды құрайды. Ал, 70 мың шақырымы облыстық және аудандық жолдар жергілікті органдарға қарайды. Оның нормативтік жағдайы 91 пайыз. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, алдағы үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмысын бес есе арттыру жоспарланған. Жұмыстың нәтижесінде 32 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейі 95 пайызға дейін жеткізілмек.
«Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды. Қазіргі уақытта стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып жатыр. Сонымен қатар өткен аптада әкімшіліктердің өкілдерімен жиналыс өткізілді. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр», – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Министр бүгінде елімізде 7 автокөлік дәлізі қалыптасқанын айтты. «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағытындағы 4 үлкен жоба аяқталған. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы 2000 шақырым.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұқбатында Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік айлағы ретінде қалыптастыруды басты бағыт деп атады. «Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты», – деді Президент.
Осы орайда, Мемлекет басшысы жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызын атап өтті. «Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік береді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде Президент берген тапсырмалар Жамбыл облысында жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл тапсырмалардың қатарында инфляция деңгейін тежеу, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық мемлекет құру, инвестиция тарту, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және көлік-логистикасын дамыту шаралары бар. Былтыр Қазақстанның көлік саласы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тасымалдау тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі дамуды жалғастырды.
Бұл бағыттар Президентіміздің тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды. Мәселен, Қазақстан «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерін және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Еуразия құрлық көпірінің рөлін тұрақты түрде арттыра отырып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі дәнекерге айналып отыр. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жылжымалы құрамды жаңарту, көлікті бақылауда цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық бағыттар желісін кеңейту еліміздің өңірдегі негізгі транзиттік хабтарының бірі ретінде позициясын нығайтуға ықпал етті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 миллион тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 6,6 пайызға артық. Ал транзит көлемінің артуы – автомобиль, теміржол, әуе және су көлігін кешенді дамытудың, сондай-ақ логистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәйекті жұмыстары өз нәтижесін берді.
Автожолдар мен жол инфрақұрылымын дамыту аясында көп жұмыс атқарылып, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары рекордтық 13 мың шақырым автожолды қамтыды. Нәтижесінде республикалық жолдардың 94 пайызы техникалық нормативті жағдайда. Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін аяқтау жоспарлануда.
Жол саласын цифрландыру ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar шеңберінде жолдардың цифрлық паспорттары қалыптастырылуда, бұл жолдардың техникалық жай-күйін, қозғалыс қарқындылығын және пайдалану параметрлерін орталықтандырылған түрде есепке алуды қамтамасыз етеді.
Облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Былтыр автожол саласында 182 жоба іске асырылып, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 460,2 шақырым қамтылған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5 пайызға, ал көше-жол желісі 89 пайызға дейін жеткізілді.
Тараз қаласын дамыту бойынша жоспар әзірленген. Атап айтсақ, Абай даңғылының бойында теміржол арқылы өтетін автомобиль қозғалысына арналған жол өткелі болатын көпір құрылысы жалғасуда. Жобаны іске асыру Тараз қаласының тұрғындары үшін көлік логистикасын едәуір жақсартуға, автокөлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін көлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа тұрғын үй алқаптарының қала орталығымен көлік байланысын қамтамасыз ету үшін 50 шақырым асфальт автомобиль жолдары салынып, ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын үш көше қайта жаңғыртылды, 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолы жабдықталды, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделіп, төселді. Соңғы екі жылда 271 заманауи автобустар сатып алынып, Тараз қалалық автокөлік паркі 82 пайызға жаңартылды.
Президент тапсырмасына сәйкес жыл сайын жол диагностикасы жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жүргізіледі. Жол төсемін сақтау үшін республика бойынша 220 дейін автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жалғасуда. Қазіргі таңда оның 71 бірлігі іске қосылған.
Бүгінгі күні елімізде авиацияның дамуы әуе паркін жаңарту, халықаралық бағыттарды кеңейту және әуежай инфрақұрылымына инвестициялар тартумен қатар жүруде. Қазіргі таңда еліміздегі әуе кемелері паркі 109-ға жеткен, оның ішінде 8 жаңа Airbus A320 ұшағы және 4 Boeing 737 MAX 8 ұшағы бар.
Қазақстан 2025 жылдың желтоқсан айындағы мәліметтер бойынша аптасына жалпы жиілігі 626 рейсті құрайтын 135 халықаралық бағыт бойынша 30 елмен әуе қатынасы іске қосылды. Халықаралық маршрут желісі ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қамтиды. Сала бойынша бүгінде 25 мың адам жұмыс орындарымен қамтылды, бұл оның тұрақты жұмысын қолдауға және негізгі операциялық процестердің үздіксіз орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының пилотсыз азаматтық авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануы маңызды қадам болды. Сонымен қатар аз шығынды бірқатар жаңа авиакомпания ел нарығына шықты, сонымен қатар 35-тен астам жаңа халықаралық бағыт, оның ішінде Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу және Мюнхенге рейстері ашылды.
Теміржол және су көлігі тасымалдаудың өсуі мен инфрақұрылымдық жобалар да ел экономикасына соны серпін әкелді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау көлемі 320 миллион тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға артық. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскесін жөндеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 4,4 мың шақырымнан астам жолда жұмыстар орындалды, оның ішінде 1575 шақырымы өткен жылы аяқталды.
2025 жылдың негізгі оқиғаларының қатарына ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің іске қосылуы, сондай-ақ ұзындығы 323 шақырым жаңа «Қызылжар – Мойынты» желісінің құрылысының басталуы болды. 775 локомотив пен 2,7 мың фитингтік платформаны жеткізу бойынша келісімшарттарға қол қойылды. Бүкіл ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту басталды.
Президент атап өткендей, көлік хабы болу міндеті инфрақұрылым, тарифтік ашықтық пен халықаралық келісімдердің үйлесімді дамуы арқылы іске асуға тиіс. Бұған қосымша қауіпсіздік, кадр даярлау, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибе де маңызды рөл атқарады. Бүгінде еліміздің 13 халықаралық дәлізі бар: 5-еуі теміржол, 8-і автокөлік бағыттары. Бұл еліміздің экспорт, импорт пен транзиттік әлеуетін кешенді дамытуға мүмкіндік береді.
Ал су көлігі де оң динамиканы көрсетті. 2025 жылы теңіз көлігімен 8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 7 пайызға артық. Теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдау 29 пайызға артты – 90 637 ЖФЭ өтті; Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша өсім 36 пайызды құрады. Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы аяқталды, Құрық – Баку желісіне 1 құрғақ жүк кемесі жеткізілді, 2 паром сатып алынды. Өзен көлігімен тасымалдау көлемі 1,5 миллион тоннаны құрады. Тасымалдау Ертіс, Орал – Каспий және Іле – Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылды.
Сондай-ақ 2025 жылы халықаралық автомобиль тасымалы географиясын кеңейту жұмыстары жалғасты. Қазақстан жыл сайын шетелдік рұқсат бланкілерінің квоталарымен алмасу жүзеге асырылатын 42 елмен үкіметаралық келісімдер жасасты. Түркіменстанмен, сондай-ақ Иранмен екіжақты және транзиттік тасымалдарға рұқсат етілмеген тасымалдау жүйесі енгізілді. Түркиямен келісімге қол жеткізілді. Қазақстан Қытай аумағына транзиттік автотасымалдауды жүзеге асыру құқығын алған алғашқы ел болды.
Қазіргі тәуекелдер тек көлік саласына ғана емес, геосаяси және технологиялық кеңістікке де байланысты. Санкциялар, бағыттардың өзгеруі, шекарадағы жүктеменің артуы – бұған дәлел. Осыған байланысты маршруттарды әртараптандыру, шекара инфрақұрылымын жаңғырту мен биылдан бастап киберқауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды.
Ел үшін стратегиялық маңызға ие бағыт – Орта дәліз. Кейінгі жылдары бұл бағытқа Қытай тарапы толыққанды серіктес ретінде қосылды. Ресми келісімдерге сәйкес, Қытай 2029 жылға қарай осы дәліз арқылы жылына 300 мың контейнер жөнелтуді көздеп отыр.
Қытаймен және Өзбекстанмен бірлесіп, шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу жүйесі енгізілді, бұл барлық ШРБ-ның 65 пайын цифрландыруға мүмкіндік берді. Цифрландыру жұмыстары Әзербайжанмен, Түркиямен және Қырғыз мемлекеттерімен жалғасуда.
Нарықтың ашықтығын арттыру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа ережелері қабылданды, сондай-ақ жүк көлігін цифрлық өлшеуге көшу жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Елде әкімшілік айыппұлдарды автоматты түрде рәсімдеу жүйесімен біріктірілген 73 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған. Бұдан бөлек, техникалық байқау операторларының қызметін ашуға рұқсат беру тәртібі енгізілді және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Облысымызда да осы бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда. Жалпы қорыта айтқанда елімізде алдағы уақытта аса ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс болғалы тұр.