Тиімді, әрі үйлесімді жұмыстың нәтижесі

0 3

Сандықтау ауданының «Спасское Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі ауылшаруашылығы кәсіпорны ретінде өз қызметінің барлық бағыттары бойынша сенімді дамуын жалғастыруда. Серіктестік өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар дамытып, агроөнеркәсіптік сектордағы өз позициясын нығайтуда.

Қазіргі уақытта шаруашылықта ірі қара малдың 150 бас аналық табыны бар, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 300 басқа дейін ұлғайту жоспарлануда. Мұндай өсім жалпы мал басын көбейтуге мүмкіндік беріп, өз кезегінде ет және сүт өнімдерін өндіру көлемінің артуына оң әсерін тигізеді.

«Біздің міндетіміз – мал басын көбейту ғана емес, сонымен қатар, малды ұстау жағдайларын жақсарту және өнімділікті арттыру. Біз жаңа технологияларды белсенді түрде енгізіп, жем-шөп сапасын қатаң бақылауда ұстаймыз, бұл тұрақты өсім мен дамуды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті «Спасское Агро» ЖШС басшысы Магомед Абуев.

Шаруашылық аумағында ауылшаруашылығы жұмыстары 7898 гектар алқапта жүргізілуде. Кәсіпорын егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастырып, күнбағыс, зығыр, рапс сияқты майлы дақылдардың, сондай-ақ жасымықты қоса алғанда, бұршақ тұқымдас дақылдардың үлесін арттыруда. Шаруашылықта пайдаланылатын тұқым материалы сапа бойынша қатаң тексерістен өткен және тек мамандандырылған тұқым шаруашылықтарындағы сенімді жеткізушілерден сатып алынады.

Сонымен қатар, шаруашылықта машина-трактор шеберханасы жұмыс істейді, онда алдағы көктемгі дала жұмыстарына техниканы белсенді түрде дайындау жүргізілуде. Биыл 6 егіс кешені, 6 «КамАЗ» жүк көлігі, 6 трактор, «Horsch» бүріккіші және 3 культиватор жұмылдырылады.

«Спасское Агро» ЖШС қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау. Осы бағдарлама аясында жыл сайын қоғамдық табынды дамыту мақсатында 4 асыл тұқымды бұқа және бақташыларға 2 жылқы беріледі. 2025 жылы жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басы 190 басты құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 230 басқа дейін өсті, бұл тиімді, әрі үйлесімді жұмыстың нәтижесі болып табылады.

«Спасское Агро» ЖШС аграрлық салада өз әлеуетін кеңейтіп, жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастыруда, бұл өз кезегінде оң нәтиже беруде.