Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қарағанды облысында экотуризмді дамыту аясында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экоқонақүйлер мен визит-орталық салуға арналған жобалар инвесторларға таныстырылды. Туристік-рекреациялық аймақта құрылыс жүргізуге болатын нақты аумақтар белгіленген.
Қазір инвесторларға 4 жер телімі ұзақ мерзімге (25 жылға дейін), 8 телім қысқа мерзімге (5 жылға дейін) берілген. Қосымша 14 қысқа мерзімді және 6 ұзақ мерзімді жер телімін беру жоспарланып отыр. Экоқонақүйлер салуға Самал көлі, Жауыртоғай және Комиссаровка сайлары ұсынылған. Жобалар қатарында визит-орталық салу, табиғат музейін жаңғырту және туристік нысандарды дамыту қарастырылған. Мемлекет тарапынан инвесторларға субсидиялар, өтемақылар және жеңілдетілген несиелер арқылы қолдау көрсетіледі.