Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, қол жеткізілген нәтижелер сараланып, алдағы даму жоспарлары айқындалды.
Мемлекет басшысының экономиканың жыл сайын кемінде 6,0 пайыз өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы облыс экономикасының өсімі кемінде 8,0 пайыз деңгейінде күтілуде. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,6 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен (109,4 пайыз) жоғары болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, көлік саласында өсім –
32,8 пайыз, құрылыс – 23,0 пайыз, инвестициялар – 19 пайыз, ауылшаруашылығы – 15,7 пайыз, көтерме және бөлшек сауда – 11,9 пайыз, өңдеу өнеркәсібі – 6,3 пайыз болды.
Соңғы үш жылда облыс бюджеті 1,5 есеге, орташа жалақы 1,5 есеге, негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,6 есеге артты. Осы кезеңде тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрады.
Салық түсімдері 256,6 миллиард теңгеге жетіп, 1,6 есеге өсті. 2025 жылы 47 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, 26,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 23,7 пайызға қысқарды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 триллион теңгені құрады. Жалпы құны 322,1 миллиард теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 3,3 мың жұмыс орны құрылды. Маңызды жобалардың бірі – «KIA» автокөлік зауыты. Зауыт жылына 13 модельге дейін автокөлік шығаруға қауқарлы және 1 500 адамды жұмыспен қамтыды. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Jetour X70+ автокөліктерінің өндірісін іске қосты. «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауытынан бөлек, жүк көліктерінің жетекші көпірлері мен арқалықтарын өндіру бойынша жаңа өндірістерді іске қосты.
Көлік логистикасын дамыту аясында облыс орталығында «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешенінің құрылысы жалғасуда. Жоба аяқталған соң жүк тасымалы көлемі 20 пайызға артады.
Ауылшаруашылығында өнім көлемі 15,7 пайызға өсті. 7 заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылып, биыл тағы 5 ферма пайдалануға беріледі. Бұл сүт өндірісін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. «Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысы аяқталу сатысында.
2025 жылы 517 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалды. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 546 жалдамалы пәтер ұсынылды. Өңірде 51 әлеуметтік нысан салынды, оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық, спорт және мәдениет нысандары бар.
Автожол саласына бөлінген қаржы 103 миллиард теңгеге жетіп, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке шықты. 1300 километр автожол жөнделіп, өңірдің негізгі көлік инфрақұрылымы жаңғыртылды.
Ауызсумен қамту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды: 37 ауыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Бүгінде ауылдық үй шаруашылықтарының шамамен 80 пайызына су тікелей үйіне жеткізілген.
Алдағы кезеңде өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және өңдеу салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында газ-химия кешені мен бокситтен глинозем өндіру зауыты бар.
Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Облыста экономиканың барлық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу жұмыстары атқарылатын болады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2025 жылғы қоғамдық мониторингі нәтижесінде Қостанай облысы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы бойынша республикада үшінші, электронды қызметтер көрсету бойынша екінші орынға ие болды.
Жиында облыс әкімінің орынбасарлары өңірдің аудандары мен қалаларында атқарылған жұмыстар туралы толыққанды баяндап берді.