Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені саласындағы қос бірдей ірі инвестициялық жоба аяқталды. Өскемен қаласында «ALTAI MAI» толық циклді заманауи май экстракциялық зауыты ашылса, Алтай ауданының Полянское ауылында 1075 бас сауын сиырға арналған сүт-тауарлы фермасы іске қосылды.
«Бұл еліміздің өңдеу саласын дамытудағы маңызды қадам. Инвесторлар зауытты іске қосу үшін 23,5 миллиард теңге қаражат құйды. Зауытта қазір 280 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 350-ге дейін артады», деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «ALTAI MAI» зауытының ашылу салтанатында.
Жаңа зауыт жылына 74 мың тоннаға жуық өсімдік майын, 64 мың тонна шротты өңдейді. Шикізаттың әр партиясы өнімнің табиғи құндылығы сақталуы және халықаралық стандарттарға сәйкес болуы үшін көпсатылы сапа бақылауынан өтеді. Кәсіпорында қоршаған ортаға барынша аз әсер етуді қамтамасыз ететін тиімді тазарту жүйелері мен қауіпсіз қайта өңдеу технологиялары енгізілген.
Ал, «Мойылды-Байқоңыр» серіктестігіне қарасты сүт-тауарлы фермасы жобасы АӨК инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қаржыландырудың жалпы көлемі 4,7 миллиард теңгені құрады. Қаржы өндірістік нысандарды салуға, заманауи технологиялық жабдықтар мен ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға, сондай-ақ асыл тұқымды ірі қара малын алуға бағытталды.
Сүт-тауарлы фермасын іске қосу кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жақын күндері асыл тұқымды малдың кезекті партиясы жеткізіледі деп күтілуде. Алғашқы өнімді жаңа жылға дейін алу жоспарланып отыр. Жоба мықты азық-түлік базасымен қамтамасыз етілген. Шаруашылықтың иелігінде 2323 гектар егістік жер бар.