Байзақта 40 ауыл сапалы ауызсумен толық қамтылды

0 4

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырмаға сәйкес, Байзақ ауданына қарасты 40 ауылдық елді мекен 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылды.

Атап айтқанда Жаңасаз ауылындағы 150-ден астам отбасыға тіршілік нәрі жетіп, тұрғындардың көптен бергі маңызды мәселесі шешілді. Құрылыс жұмыстарын «GrandStroyCom» ЖШС биыл ақпан айында бастап, толық аяқтап отыр. Жоба құны шамамен 487,8 миллион теңгені құрады. Ауызсу нысанының ашылу салтанатына аудан әкімі Олжас Баққараев пен жергілікті халық қатысты.

– Ауызсу — біздің ауыл үшін ең өзекті қажеттіліктің бірі еді. Бұған дейін құдықтан су ішіп, күнелттік. Осы жағдайға назар аударған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, — дейді ауыл ақсақалы Жұмахан Жәдіков.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы облысымызда биыл 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапта (Тараз қаласында — 5, Шу қаласында — 4) ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтылды. Қамту көрсеткіші қалаларда 99,8 пайызды, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілуде. Ал қалған 2 нысанда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалып отыр.