Қазақ «Жеті қазынаның бірі – ит» дейді. Аңғарсаңыз, адам мен ит арасындағы достық ту сонау ықылым заманнан жалғасып келеді. Итті кез келген адам (күзетші, малшы, аңшы, орманшы, шекарашы, апат қызметкерлері және тағы басқа.) өзінің өмірлік сенімді серігі, адал көмекшісі деп есептейді.
Ит қашаннан адамның қолына үйреніп, оның сенімді көмекшісіне айналды? Иттер шамамен біздің заманымызға дейін 15-10 мың жыл бұрын қолға үйретілген деп есептейді зерттеуші ғалымдар. Ит қаңқалары қазба жұмыстары кезінде Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, қасқыр бөлтіріктерін қолға үйретуден Азияда бірте-бірте ит пайда болған. Көшпенділер өмірі жылқымен тығыз байланысты болса, ит те сенімді серікке айналған. Италияндық саяхатшы Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысынан, хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мыңға жуық болған. Қасқыр алар иттерге осынша мән беріліп, хан сарайында өсірілуі – жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді. Қазақи төбеттерден қазіргі «алабай», «азиат» овчаркасы, «тибет» төбеті және де басқа ірі иттер таралғаны жайлы ғалымдардың пікірі бар.
Төрт түлік – көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, бөрі-қасқырлар. Қасқырды жалаң қолмен алған ерлер болса да, кейде көшпенділердің жауынгерлік қабілеттері, орын ауыстырып отыруы мен кірпік қақпай күзететін сергектігі табиғат жыртқыштарының шабуылынан қорғап қала алмайтын тұстар да кездесетін. Айтпай келетін апат – қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын ерекше қасиет төбеттерде ғана болған.
Адамдардың қат-қабат тағдырымен иттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ит тек мал шаруашылығында күзетші ғана емес, сондай-ақ аңшылықта, шекара қорғауда, есірткі тасушыларды анықтауда, зілзала, апаттарда адамды іздестіруде, ішкі істер қызметтерінде, соғыс кезінде жарақатты майдан даласынан таситын санитар ретінде пайдаланылатынын білеміз. Иттердің сезімталдығына сейсмологтар да арқа сүйейді. Өйткені, иттерде жер сілкінісін алдын ала болжайтын қасиеттер бар екен. Бойына жарылғыш граната, бомба байлаған иттердің майдан даласында жау танкісінің астына түсіп, өздерінің өмірлерін «шейіт-жаһат» еткендерін білеміз.
Алматы облысындағы Тамғалыдағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүріп жатқан кезеңін 4 мың жылдан асқан деп қарап, қазіргі төбеттің бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы екенін батыл айтуға болады. Олай болса, француздың «желдей жүйткіген жүйріктер дәуіріндегі көшпенділер өркениетін сақтап қалған ит туралы» таңданысына төмендегідей дәлел айтуға болады: төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері, отырықшы мәдениет тұсында жоғалып кету қаупі төнген алып кейіпкер, яғни өзін сомдаған уақытқа қалтқысыз қызмет еткен шынайы перзент. Енді бұл иттердің көшпенділер өмірінен салынған бірде-бір суреттен бой көрсетпеуі жөнінде сұрақ туары сөзсіз. Төбет – жеті қазынаның бірі, дала көшпенділерінің құндылығы ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан.
Содан болар ит туралы көптеген қызықты ертегілер мен керемет әдеби шығармалар жазылып, тамаша кинофильмдер түсірілген. Солардың бірі бүкіл әлем жұртшылығына таныс Жапония еліндегі «Хатико» атты иттің иесіне деген ерекше адалдығын суреттейтін, шынайы өмірден алынған кинофильм. Қысқаша қайырып айтар болсақ, Токио университетінің профессоры Хидэсабуро Уэноның сүйікті иті болады. Ол кішкентайынан иесін таңертең жұмысына, яғни, пойыз стансасының перронына дейін шығарып салып, сағат 15.00 шамасында әлгі жерден күтіп алу үйреншікті дағдысына айналады. Солай қалыптасқан ол бірде таңертең иесін станса перронына шығарып салады да, уақыт 15.00-де қайта келіп, профессорды электричка-пойыздан қараңғы түскенге дейін күтеді. Бірақ, иесі ол күні келмейді, ертеңіне де төбе көрсетпейді. Себебі, профессордың жұмыста жүрек талмасы ұстап, ауруханаға жеткізіледі де, ауыр дерттен сол күні көз жұмады. Ал, «Хатико» күніге сағат 15.00-де стансаға келіп, иесін күтуді доғармайды. Қараңғы түскенде ғана профессордың үйіне оралып, есік алдында түнеп жүреді. Сөйтіп, ол қимас қожайынын бірнеше айлар күтеді. Оны байқаған вокзал қызметкерлері мен көршілері иесіне адал итке жанашырлық танытып, тамақтандыра бастайды. Базбіреулері үйіне алып кеткісі келеді. Бірақ, иесіне адал күшік еш көнбейді.
Содан «Хатико» өмірінің соңына дейін «Сибуя» стансасының перронына түс ауа келіп, иесін түнгі қараңғылық түскенге дейін 8 жыл бойы күтумен болады. Көп уақыт өтпей, ол туралы жергілікті газеттің бірінде мақала жарияланғанда, жапондықтар әлгі итке ерекше қызығушылық танытып, әр аймақтан көптеген адамдар ағылады, осылайша «Хатиконы» жұрт аңызға айналдырады. Қартайған шағында ауруға шалдығып, қыстың бір аязды қытымыр түнінде иесін күткен ит көз жұмады. Көпшіліктің жүрегін толқытқан «Хатикоға» жұрт қаражат жинап, «Сибуя» стансасында ескерткіш орнатады, құрмет көрсетіп, қалалық бейітке жерлейді. 1987 жылы «Хатиконың тарихы» атты кинофильм, 2009 жылы «Хатико – ең сенімді дос» реймеркі түсіріледі. Адамға деген иттің достығының беріктігі мен адалдығы жапондықтар арасында символға айналып, көпшілікті ерекше толқытады.
Осы тәріздес оқиғаның Ақмола облысындағы Степногор қаласында болғаны жайлы «Жас алаш» газеті кезінде жазды. Онда халі нашар ер адамның «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін ауыр дерттен жансақтау бөлімінде көз жұмғаны, мекемеге дейін көлікпен ілесіп келген қара иттің осы жерден кетпей, иесін күтіп жүргені арқау болған. Аурухананың алдында иесін күтіп жүрген иттің әрекеті көпшіліктің қызу талқысына түскен. Төртаяқтының адалдығына тәнті болған қала тұрғындары мен аурухана қызметкерлері оны әлгі біз жоғарыда баяндаған Жапон елінің әйгілі «Хатикосына» теңепті. «Иесінің ішке кіргенін көрген төртаяқты оның шығатынын күтіп жүр. Ит ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кіріп-шыққан адамдардың түріне мұқият қарап қояды. Адамдардан бес метр алшақ жүреді», – дейді Степногор қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері. Дәрігерлердің пайымдауынша, иесі жалғыз басты болған көрінеді. Яғни, иесіз қалған иттің өзіне жақын санайтын басқа ешкімі жоқ. Ит иесін соңғы күнге дейін сарыла күтуде. Аурухана қызметкерлері әлгі итке сүйсіне қараса, енді біреулер оны мүсіркейді. Иттің иесіне деген берік достығы адамды таңғалдырады, жандүниеңді елжіретеді…
Көрнекті жазушы Несіпбек Дәутаевтың «Ақ күшік» деген қызықты, кинофильмге сұранып тұрған тартымды хикаясы бар. Тағдыр тауқыметімен бірін-бірі түсінбей ажырасып кеткен жұбайлардың арасын жақындатпақ ниетпен екі ауыл арасында ақ тер, көк тер болып шапқылап, әлек болып жүрген ақ күшіктің өз иелеріне деген махаббаты, адалдығы көркем, әдемі суреттелінеді. Хикая соңында екі иесін жолықтырмақ болып зыр жүгірген ақ күшік көпір шайылып, топан суға ағып кетеді. Екі жағада тұрған жұбайлар өздері кішкентайынан асыраған иттерінің адамға бергісіз тіршілігіне, адалдығына, иелері үшін жанын пида еткеніне куә болады. Бұл хикаятты толқымай оқу мүмкін емес. Кішкентай ғана ақ күшіктің иелеріне деген адалдығы, тазалығы шынайы көрсетіледі, оқушысына терең ой тастайды.
Мамандардың айтуынша, ит адамға бауыр басып, оған өле-өлгенше адал қызмет етеді. Тіпті, кейде олардың адалдығы адамнан да асып түседі. Базбірде иесі болмаған сәттерде тамақ ішуден де бас тартады екен. Қазақтың әлгі «Арам достан адал ит артық» дейтіні, сірә, орынды айтылған сөз болу керек…
Белгілі қазақ жазушысы Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» атты ғажайып повесі бар. Бұл туындының жарыққа шыққанына біраз жыл өтсе де, оқырман әлі де іздеп оқиды. Шығармадағы Лезбай, Ұмсындық, Қарғабек, Дабыр, Адыр секілді кейіпкерлер бейнесі де жүрекке ыстық. Әсіресе, «Марғау» деген иттің иесіне деген жанашырлығын қалай ұмытасыз. Осы повестің жазылуына қандай оқиға түрткі болды, оны жазушы бір сұхбатында өзі айтып кетіпті.
«Бірде жолым түсіп, Алматы облысының Кеген ауданына бардым. Кездескен адамдардың бірі ит туралы маған мынадай бір қызық оқиғаны айтып бергені: күзде қой отарлары таудан қыстауға қарай көшкенде бір шопанның иті жоғалып кетіпті. Әрі іздеп, бері іздеп, шақыра-шақыра таппаған соң, қасқыр жедіге жорыпты да, ол байғұс көшіп кете берген. Қыс өтеді. Келер көктемде әлгі шопан бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, былтырғы қой жусатып, демалған бір жерінен иті шыға келіпті. Өкпелегені сондайлық, шақырса келмейді. Жақындаса, үреді де шегіне береді. Бұған не болған деп бақса, шопан иті көшкен жұртта ұмыт қалған ескі тонды күзетіп қысты өткізіпті… Жазылар повестің кілті осы оқиғадан кейін табылды. Адам арасындағы күрделі де қиын, қат-қабат қатынастар, адалдық пен арамдық, зұлымдық пен зорлық, өтірік көлгірсу – міне, мұның бәрі де ит көзімен, ит түйсігі арқылы беріледі. Шындап келгенде, бұл әдеби әдіс ғана», депті сөз зергері («Егемен Қазақстан» газеті, 14.11.2023).
Бір басқосуда иттердің адал қызметі жайлы әңгіме өрбіді. Сонда Қытайдан келген қандасымыз мынадай бір оқиға айтып беріп еді: «…Қытайдағы Тарбағатай аймағының Жайыр деген жерінде Жұмақасым атты кісінің ерекше жуан, үлкендігі тайыншадай төбеті болыпты. Төбеттің бір ерекшелігі, малға, қораға келген, жүрісі бейсауат адамдарға үріп қана қоймай, аттың үстінен жұлып алатын көрінеді. Бірақ, жұлып алған адамын жараламайды, таламайды, тіпті, тісін тигізбейді. Екі аяғымен кеудесін басып отырады, адам қимылдаса болды, тісін ақситып ырылдайды. Бірде қораға түспекші болған ұрыны атынан аударып ап, басып тұрыпты. Иесі шығып: «Неге жүрсің, неғылған адамсың?» дегенде, ұры шынын айтыпты. Шынын айтқан соң Жұмақасым: «Бұдан кейін ұрлыққа түссең, төбетімнен арашалап алмаймын», – деп, ұрыны жазасыз жіберген екен».
Осыдан көп жылдар бұрын малшы ауылдарын аралап жүріп, мынадай әңгіме естігеніміз бар. «30 жыл қой баққанда менің бір малым жоғалды дегенді естігендерің бар ма? Шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қақаған аязында да қорама күзет қоймаймын. Таң атқанша «Ақтөс» атты төбетім қораны айналып жүреді. Таңсәріден қоймен бірге кетіп, кеш бата келеді. Отарды мен емес, осы итім бағады десем болады. Заты ит, іс жүзінде мына кейбір жалқау қойшы-малшылардан артық екенін білемін», – деген шопан сонда итін мақтап.
Ия, иттің ерекше қасиеті жайлы нешебір әңгіме бар екенін естіп жүрміз. Солардың ішінен есте қалғаны мына бір әңгіме. Бір үйдің иті әбден қартайып, босатса болды, қай-қайдағы қоқыстарды үйіне қарай таситын әдет шығарыпты. Бұл үй иелеріне ұнай қоймайды. Бірде:
- Мына ит қартайды ма мінезі мен қылығы өзгерді. Не істейміз?- дейді әйелі отағасына.
Содан үй иесі әлгі иттен құтылмақ болып, көлікке салып, қаладан 40-50 шақырым жерге алып барып босатып жібереді. Қимастан бір-біріне қарап біраз тұрады да иесі итін тастап, көлігіне мініп кетіп қалғысы келіп жолға түседі. Сол-ақ екен әлгі ит машина соңына ілесіп, жүгіріп, тілі салақтап машинадан қалмайды. Бұл көріністен «Мені далаға тастап қайда кетіп барасың?» дегенді аңғару мүмкін емес еді. Көлік айнасынан иттің әлі шаңға батып, машинадай қалмай жүгіріп келе жатқанын көрген автокөлік иесінің жүрегі елжіреп, қимастық сезіммен «қой, мұным болмас, обалына қалмайын» деп тоқтап, сыртқа шығады. Сол сәтте иті жетіп, «мені тастап кетпеші» дегендей иесінің аяғына оралып, қолы мен бетін жалап, қыңсылайды. Содан итті тастап кетуге қимай, көлікке салып үйіне қайта алып келеді.
Ертеңіне таңертең сыртқа шығып жан-жағына қараса аулада иті көрінбейді. Шақырса еш үн жоқ. Ары іздеп, бері іздеп итін мүлдем таба алмайды. Сол кеткеннен ол мүлдем жоғалып, кері оралмайды. Сөйтіп, өзінің керек болмай қалғанын сезінген ит өз еркімен өз үйінен қол үзген көрінеді. Бұл – мүмкін, жеті қазынаның біріне саналатын иттің тектілік қасиетінің бір қыры шығар. Кім білсін? Керек еместігін сезіну кімге де болса оңай тимейді ғой…
Бала кезімізден есте қалған тағы бір көрініс – ауылда тазы ұстайтын құсбегі-аңшы болды. Төртаяқтыға ерекше күтім жасап, арнайы тамақ пісіріп, баптайтынына куә болдық. Қансонарда атына қонып, тазысын ертіп аңшылыққа шығатын. Жүйрік тазысының арқасында айлакер түлкілерді, қоянды мылтықсыз, бірде-бір оқ шығармай-ақ қанжығаларына байлап қайтатын. Оның бұл кәсібіне көпшілік қызығатын. Әлі де ондай аңшылар ауыл-ауылда бар болар?..
«Ит адамның досы ғой, талас бар ма,
Ортамыздан хақың жоқ аластауға.
Компасың боп үйіңе алып келер,
Борандарда, түндерде адасқанда»,
– деп ақын Свет Оразаевтың жырлауы да көпке ой салса керек.
Тайгадағы кәсіби аңшылар аң аулауға иттерсіз бара алмайды. Ит аңның иісін алыстан сезіп, оның қайда тығылғанын иесіне «көрсетіп» отырады. Үйрек-қаз, қырғауыл атуға барғанда да аңшылыққа үйретілген ит құстарды үркітіп, оларды атуға мүмкіншілік туғызады. Қалың бұтақтар мен қамыстар арасынан, тіпті, суға түскен қаз-үйректі, қырғауылды ит өзі тауып, иесіне жеткізеді. Ақылды ит жанары көрмейтін, өз бетімен жүре алмайтын зағиптарға сенімді көмекшілері. Олар иесін көшеге, саябаққа шығып демалуына мүмкіншілік береді. Әрине, олар алдын ала кинологтардың көмегімен дайындалу керек. Расында да, ит туралы әңгіме мол, көптеген қызықты оқиғаларды тізіп айта беруге болады.
Қазірдің өзінде иттер үйімізді күзетіп, достық ниетінен таймай келеді. Олар бізге адал, ал біз оларға дос бола алып жүрміз бе? Ит туралы не білеміз? Иттер өзін құшақтағанды ұнатпайды, оны адамның өзін басынуы деп түсінеді. Олар да адам сияқты шынайы күле алады. Тек «ха-ха» деу орнына «х-х-х» деген дыбыс шығарады. Күшіктердің көзі туғаннан бір ай өткеннен кейін ғана дұрыс көре бастайды. Күшіктерде- 28, иттерде 42 тіс болады. Итіңізді шоколад беріп еркелетпей-ақ қойыңыз, оның құрамында жануардың орталық жүйке жүйесіне у болып тиетін зиянды заттар бар. Әлемде иттің 703 түрі (породасы) бар екен. Тайыншадай «алабайдан» бастап ойыншықтай ит түрлерін кездестіруге болады. Иттер 250 сөз бен қимылды есінде сақтай алады. Тіпті, беске дейін санап, қосу-алу секілді қарапайым есепті шеше алады. Оның зеректілік деңгейі екі жатүрісар баламен бірдей. Адамға қарағанда иттер дауысты 10 есе жақсы естиді, ал иісті 100 000 есе жақсы сезеді. Тіпті, өткен өмірінде сезінген иістер де есінде сақталып қалады. Байыбына бармай жазықсыз жазаланар болса, ол бұл жайды көңіліне ауыр алып, иесімен қарым-қатынасын тоқтататын кезі де болады екен. Иесіне, не өзіне орынсыз қылық көрсеткен жандарға, танымайтындарға сенімсіздікпен қарап кектеніп емес, ескерту жасағандай сес көрсетіп қоятын кездері бар. Өзіне берілген аймақты аса жауапкершілікпен, орынсыз бекер үре бермей, үн шығармай күзетеді. Оның тағы бір ерекшелігі – қасқыр мен қасқыр тектес иттерге, жыртқыш аңдарға өте өштігі.
Жаңбыр жауғанда иттердің тасалайтын жер іздеп, жүгіріп жүргенін көреміз. Олар су болып қалудан қорықпайды. Жаңбырдың дауысы сезімтал құлағына кері әсерін тигізуінен сақтанады. Олар біздің эмоциямызды түсінетін бірден-бір ақылды жануар. Оған көз жүгірте бір қарағанның өзінде қуанып тұрғаныңызды, мұңайғаныңызды, ашуланғаныңызды, ұялғаныңызды бірден сезе қояды.
Иттерді ұлт мақтанышына – брендіне айналдырып отырған халықтар бар. Алысқа бармай-ақ, көрші Түрікмен ағайындар кілемін, жылқысы мен «алабай» итін ұлттық бренд деп санайды, мақтан етеді. Бізде де ата-бабаларымыздан жеткен қайсар да қажырлы «төбет» пен түлкі мен қоянды адым шаптырмайтын, желмен жарысқан «тазы» иті бар. Бірақ, олар жойылу алдында тұр екенін жиі естіп жүрміз. Базбір деректерге сенсек, Қазақстан бойынша 500-дей ғана қаны таза «тазы» бар болса, «төбеттер» саны да шамалы екен. Сондықтан, «төбет» пен «тазыны» сақтап, оларды дамыту бағытында елімізде қоғамдық ұйымдар құрылып, біршама игілікті істер атқаруды мақсат етіп отырғаны ризашылық тудырады. Қазақ «тазысын» және «төбетін» әлем кинологтары мойындату бағытында біраз игілікті істер атқарылуда. Арнайы қауымдастықтар ұйымдастырылып, жыл сайын еліміздің әр өңірінде «Қансонар» және тағы басқа құсбегілер мен аңшы иттерінің байқаулары өткізіліп келеді. Халықаралық байқауларға қазақтың «тазы» иті қатысып, көпшіліктің көңілін өзіне аударып, тиісті бағасын ала бастады. Ой таразысына салсақ, қазақи «төбет» пен «тазы» халқымыздың брендінің бірі деп есептеуіміз керек.
Бүгіндері итпен таңертең, кешке қыдыру әдетке айналдырғандырды қала ішінен жиі көруге болады. Зертеушілердің айтуынша, ит асырайтын адамдар басқаларға қарағанда 66 пайыз көп қозғалтатын көрінеді. Бұл да иттің адамға келтірер бір пайдасы екенін ұққанымыз жөн.
Ит туралы айта отырып, оны күтудің кейбір мән беріле бермейтін тұстарына көңіл аударғанымыз дұрыс. Ит ұстауға бейжай қарауға еш болмайды. Ол иесіне тиісті жауапкершілік артатынын есте ұстаған абзал. Оны міндетті түрде тіркеуге қойып, мезгіл-мезгіл жергілікті ветеринарлық амбулатория қызметкерлеріне көрсетіп, оларда жиі кездесіп отыратын инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы вакциналар еккізіп, арнайы «антигельминттік» препараттар берілуі керек. Егер итті көпқабатты үйдегі пәтерде (квартирада), тұрғын үй ішінде ұстасаңыз санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау керек. Әсіресе, үйінде жас балалар болса, ит ұстар алдында жақсы ойланып барып, дұрыс шешім қабылдаған жөн. Өйткені, иттің өзі 20 дан астам аурудың тасымалдаушысы және де басқа ағзаларға денсаулығына қауіп төндіреді. Балалар, әсіресе кішкентайлар, көбінесе «токсокара», «эхинококкоз» және де басқа паразит жұмыртқаларымен ластанған құмсалғыштарда, аулада ойнайды. Баланың аты бала. Абайсызда олар инфекциялық, паразиттік аурулардың жұмыртақаларын өздеріне жұқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе, «эхинококкоз» ауруы жиі кездеседі. «Эхинококк» жұмыртқасы баланың асқазан-ішегіне енгеннен кейін ол «сыртқы қабығынан» арылып, қан тамырлары арқылы бауыр, өкпе және де басқа ағзаларда «ұялап», одан кисталар (жылауықтар) дами бастайды. Олар өсе келе ағзаның қызметін бұзады. Бұл ауру қауіпті паразиттік ауыр дерттің бірі деп саналады. Оны емдеу көбнесе хирургиялық отамен аяқталады. Егер жағдай өте ауыр болса, науқасқа операция жасаудың өзі емдеуге мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайда химиотерапия көптеген жылдар бойы жүргізіуге тура келеді. Кейде ол ем өмірінің соңына дейін жүргізіліуі мүмкін.
«Эхинококкоз» мәселесі медицина мекемесіне ғана емес, ветеринарлық мекемеге де қатысты. «Эхинококкоздың» алдын алу үшін бірінші кезекте қаңғыбас және иесіз иттермен күрес жүргізу және оларға міндетті түрде жылына екі-үш рет «дегельминтизация» (құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізу қажет. Ал, жеке бастың гигиенасына, аурудың алдын алу шараларына келсек, балаларды итпен ойнатпаған дұрыс, олардың итті өз ыдыстарынан тамақтандырмауын қадағалау қажет. Иттің балалардың беті-қолын жалауын болдырмады қадағалап отыру керек. Өйткені, ит, мысық үй жағдайында таза ұсталынса да олардың жүнінде құрттың жұмыртқалары жүреді.
Адам өмір сүретін қоршаған ортаның паразиттік және жұқпалы аурулардың жұмырталарымен, личинкалары мен ұрықтармен ластануы барлық жастағы адамдар үшін бірдей қауіпті екенін есте ұстағанымыз жөн.
Белгілі мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуберді Бинашевтің «Алматы ақшамы» газетінде сәл ертеректе (14.08.2018, №92) «Арам достан адал ит артық» деген мақаласы жарияланды. Автор онда өзінің асыраған иті туралы жан-жақты әңгімелей келе, «Сатып кететін кей достан адал қызмет ететін ит әлдеқайда артық деп ойлаймын. Менің «Жеті қазына» деген композициямдағы иттің бейнесі «Форсажға» (өзінің сенімді итінің аты) арналады. Адам мен иттің мәңгі достығын бейнелейтін бұл шығармам жас ұрпаққа ой салар деген сенімдемін», – деп жазады.
Біздің бүгін ит туралы сөз қозғап отыру мақсатымыз – ерте заманнан адамға адал серік, сенімді дос болып келе жатқан иттердің көпшілік әлі терең біле бермейтін кейбір қасиеттері мен ерекшіліктерін атап кету болатын.
Тағы бір ойландыратын мәселе, өкінішке қарай, қалалар мен ауылдарда иесіз, қаңғыбас иттер саны жылдан жалға көбеймесе азаяр емес. Әрине, олар ортамызда көптеген проблемалар туғызып отыр (қауіпті инфекциялар таратуға себепкер, жас балаларды қауып, жарақаттандыруда және сол сияқты). Қоғамымызда қаңғыбас иттердің болу, болмауы адамдарға көп байланысты. Бақылаусыз, қараусыз, иесіз қалған иттер жас балаларға қауіп төндіруде. Елдің зәре құтын қашырып жүрген қаңғыбас иттер туралы қоғамда екі ұдай пікір қалыптасқан. Бірі ит-құсқа аяушылық танытса, енді бірі адам өміріне қауіп төндіріп жүрген қараусыз иттердің көзін жою керек дейді. Тіпті, осы қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап, ол қабаған бұралқылардың кесірінен кейбір өңірлерде бала өлімі болғанынан хабардармыз. Ашықаннан ба, әлде құтырғаннан ба бала түгілі, үлкен адамдардан именуді қойған топқа жиналып алған қаңғыбастар жалғыз-жарым жүрген адамдарды тарпа бас салып, талап тастайтын болған. Бақылаусыз бейберекет кеткендері сондай жыртқышқа айналған иттер жайында шағым көбейгенін ғаламтор желілерінен, теледидардан көруге болады. Ит асыраушылар кейде итін базбір себептермен керексіз санап, көшеге қаңғыртып жіберуде. Олар, сөйтіп, өздеріне жүктелген жауапкершілікті мүлде сезінбеуде. Бақылаусыз қалған иттер бұралқы қаңғыбасқа айналатыны белгілі. Олар жиылып алып, бірте-бірте адам өміріне қауіп төндіруде. Мемлекет жағынан бұл мәселеге көңіл аударылып, біраз істер атқарылуда. Қалаларда қаңғыбас иттерді аулап, оларды орналастыратын арнайы «вольер»-панажайлар (питомниктер) ұйымдастырылған. Керекті уақытқа дейін (әдетте 60 күн) әлгі ұсталған қаңғыбас иттерді сонда ұстап, иесін күтеді. Егер иесі келмесе олардың біразын дәріменен «ұйықтатады» немесе стерильдеп, «чиповать» етіп еркіндікке жібереді. Зооқорғаушылар қауымы бұл ісімізді әркез қолдай бермейді. Әлеуметтік желілер мен теледидардан күстаналап, айқай-шу шығарып, жоғарыға проблема қойып, дау-дабыл қағып жатады. Ал, бұған жауапты ветеринария саласының қызметкерлері бұл мәселені толық шешуге қаржы тапшылығынан қауқарсыз болып отыр. Міне, осындай проблема әр өңірде бар. Не істеу керек? Осы сұрақ көптің көңілінде жүр. Кімде, қандай ой бар?