Абай өңіріндегі мектеп тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам

0 3

Аягөз қаласында жаңа заман талабына сай салынған заманауи мектеп өз оқушыларын қабылдады. Бұл білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Cалтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, ұстаздар қауымын, оқушылар мен ата-аналарды қуанышты сәтпен құттықтады. Өз сөзінде облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысының білім беру ісіне, мұғалім мәртебесін көтеруге және өңірлерде жаңа оқу нысандарын салуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы аясында облысымызда бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бүгін соның жалғасы ретінде Аягөз қаласында 600 орынды жаңа мектепті ашып отырмыз. Бұл – қаладағы мектеп тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам. Мұнда білім алатын шәкірттер елдің ертеңі, ғылым мен инновацияны дамытатын жаңа буын өкілдері боларына сеніміміз мол, – деді аймақ басшысы.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да мектеп ұжымын және қала тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтап, бұл нысанның өңірдің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеретініне тоқталды.

– Абай облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Бұл – өңірдегі білім сапасының жоғары екенінің дәлелі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жас ұрпақтың ғылымға, жаңа технологияға деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Ақсуат, Мақаншы және Үржар аудандарында да осындай жаңа мектептер салуды жоспарлап отырмыз, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова мен Берік Уәли мектеп ұжымымен кездесіп, сыныптарды аралап көрді. Заманауи оқу кабинеттері мен зертханалардың жабдықталу сапасын бағалап, оқушылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ мектеп ауласында символикалық түрде ағаш көшеттерін отырғызды.

Жаңа оқу ордасы үш қабатты, жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуық. 600 оқушыға арналған мектепте 35 оқу кабинеті бар. Физика, химия, биология, информатика пәндеріне арналған зертханалар, STEM және робототехника кабинеттері толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, кең спорт және акт залдары, медициналық пункт, асхана мен алғашқы әскери дайындық кабинеті жұмыс істейді. Мектептің бағыт-бағдары – жаратылыстану-математикалық.

Білім ұжымында барлығы 42 педагог қызмет етеді. Олардың қатарында 10 педагог-зерттеуші, 8 педагог-сарапшы және 11 педагог-модератор бар. Сабақтар толықтай қазақ тілінде жүргізіледі.

Бұл – биыл Абай облысында ашылған төртінші жаңа мектеп. Бұған дейін Бесқарағай ауданында 300 орынды, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орынды және Водный кентінде 600 орынды мектеп пайдалануға берілген болатын.

Қазір өңірде жаңа білім нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Семей қаласының Шығыс кентінде 300 орынды, Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орынды мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ Ақсуат ауданының Екпін ауылында 300 орынды мектеп жобасы дайындалып, сараптамаға жіберілді. Семейдегі №11 орта мектепке жаңа ғимарат салу бойынша жобалық құжаттар әзірленуде. Бұл нысандар іске қосылған соң, мыңға жуық бала заманауи жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Аягөздегі жаңа мектеп – білім саласындағы тың серпіннің көрінісі. Бұл білім ордасынан түлейтін шәкірттер ертең елдің дамуына үлес қосып, Абай елінің рухани және зияткерлік дәстүрін жалғастыратыны сөзсіз.