VІІ-VІII ғасырларда Орталық Азияның тарихында түркі тайпалары өз-өздерімен соғысып, мықты мемлекеттер жеке-жеке бөлініп кетіп, әлсіреп тұрған болатын. Міне осындай кезді сәтті пайдаланғысы келген Қытайдағы билік етіп отырған Таң империясы Жетісудың кейбір аймақтарын басып алған.
Бірақ, шекарасының кеңеюі өте мықты қарқынмен дамып жатқан Умәуи халифатының орнына келген, Аббаси халифатының алғашқы ірі жетістіктері болып саналатын, 751 жылғы Атлах шайқасы бүкіл Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте қатты өзгеріске ұшыратуға себеп болды. Мұсылмандардың осы бір ірі жеңісінен кейін, Таң патшалығы 1000 жылға дейін Қазақ жеріне аттап баспаған. Ал, ислам діні бұл жерлерде кеңінен тараған және қалалар аз уақытта әсем де көрікті болып дамыды. Бұл мәдени өзгерістерге Аббаси халифатының қосқан үлесі өте көп.
Араб тарихшысы әл-Макдиси өз жазбаларында «Шаш шаһарының бекзадасы (Шыбаштың ұлы, аты көрсетілмеген) арабтардан Ташкент шаһарын қайтарып беруді өтініп, көмек сұрады» деп жазды. Көшпенділердің ата жауының алдына барып еш уақытта жығылмайтынын қайдан білсін?
Бұл кезде Алтайдан ауған түркілер (қарлұқтар) өз алдына көше қонып, Жетісуды жайлап, туыстас түркештерді құрамына қосып, біраз күшке ие болып қалған еді. Оның алдында Қарлұқтар Таң империясының Тибетке жасаған жорығында қытайлармен одақтас болып, Таң империясының негізгі атты әскер қосынын құраған болатын. Ташкент жорығынан бір жыл өткеннен кейін, яғни 751 жылы Зияд ибн-Салих бастаған 60 мың араб әскерінің Бұхарадан бері өткенін, сол әскердің 20 мыңы әйгілі Йемен атты әскері екенін естіген генерал Гао Сянджэ, түркі-қарлұқтарға елші шаптырып, арабтарға қарсы одақ құруға шақырды. Гао Сянджэ 50 мың қолмен Ташкентке қарай жылжиды. Жолай оларға тибеттіктер мен ферғаналық 20 мың қол қосылып, Талас өзенінің бойына келіп шеп құрады. Олардан бір көш жерге Шешік қолбасшы бастаған 30 мыңдық Қарлұқ-Түркеш қолы келіп жайғасады. Қарлұқ пен Түргеш (бүгінгі Дулат пен Найман, Арғын мен Адай, Қоңырат пен Қыпшақ т.б секілді) бір тілде сөйлейтін, бір Тәңірге сыйынған туыстас тайпалар тұғын. Қарлұқтар Түрік қағанатының құрамында болғанда қытайларға қарсы Түркештермен бірге талай соғысқан.
750 жылы 93 жыл ел билеген Умәуилердің соңғы он төртінші халифасы Маруан ІІ-ні Аббасилердің бірінші халифасы Абул Аббас ас-Саффах құлатты. Оның қолбасшысы Зияд ибн Салих Атлах шайқасында мүсылмандардың әскерін басқарып, 751 жылы мұсылмандар Талас өзені маңында Қытай әскерімен соғысып, жеңіп шықты. Осы ұрыста тұтқынға түскен қытайлар (45-50 мыңдай қытай сарбазы өлді, 20 мыңға жуық адам тұтқынға түсті) арасында қағаз жасауды білетін шеберлер де бар екен. Міне, солар арабтарға қағаз жасауды үйретті. Әл-Макдиси өзінің «Әл Бэду әт-Тарих» еңбегінде « бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті» деп жазды. Жеңіс түркі халықтарының Қытай құлдығынан, оның будда дінінен аман қалып, ислам өркениетімен дамуына жол ашты.
Яғни, араб билігімен бірге, Араб түбегінде қалыптасқан тәртіп-танымдармен бірге Ұлы даламызға ислам өркениеті де кеңінен қанат жая бастады. «Тараз – ислам дінінің шығыс шекарасы» дейтін жазбалардың осы 8-ғасырдың бірінші жартысынан бастап хаттала бастауының бастауында тұрған осы 751 жылғы Атлах шайқасы.