Тараздың іргесіндегі Үлгілі ауылында ерлі-зайыпты Баубек Асанов пен Әлимаш Теміржонованың үлгілі де өнегелі отбасы тұрады. Адалдық пен адамгершілік арнасынан ауытқымай, адал еңбектерімен ел құрметіне бөленген жандардың шаңырағына шаттық ұялаған десек артық айтқандық болмас.
«Қолөнерімді мақтан тұтамын»
Көршілес жатқан Қырғыз Республикасы, Талас ауданының Үшқорған ауылында дүниеге келген Әлимаш Жәдігерқызы бір жарым жасында анасынан, төртінші сыныпта әкесінен айырылады. Сегізінші сыныпты бітірген бойжеткен нағашысының ауылында оқуға ұйғарады. Әжесі Назымның қасынан бір елі қалмай жүріп, Әлимаш та киіз басудың қыр-сырына қаныға бастайды. Кейіннен 11 айлық тігіншілік курсты бітіріп, осы салада қолтаңбасын қалдырады.
Үлгілілік Баубек Асановқа тұрмысқа шыққаннан соң, қоғамдық тамақтандыру орындарында, кейіннен мектепте аспазшы, 1991 жылы шаруашылықта қызылшашы болып та жұмыс жасайды. Жолдасы аудандық ішкі істер бөлімінде жауапты қызмет атқарғандықтан, отбасының бар жауапкершілігін мойнына алады.
– Әкемнің ұлты – қырғыз, Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыста бір құлағынан айрылған. Жарақаттың салдарынан алақанында көздей тесік бар еді. Анам қайтқанда әкем алақанындағы тесікке қарамастан біздерге тамақ әзірлеп беретін. Анам – Байзақ ауылының тумасы. Нағашым Сырғабай Табылдиев кең пейілді, жаны жомарт, ерекше жаратылған тұлға болатын. Өзінің сегіз перзентіне қоса, тоғызыншы етіп мені еңбекқор, білімге құштар, қайсар етіп тәрбиеледі. Бойымдағы бар жақсы қасиеттерім үшін нағашыларыма алғысым шексіз, оларды әрдайым мақтан тұтамын.
Киіз басуды нағашы әжемнен үйрендім. Марқұм апам шаршауды білмейтін, еңбекқор, дастарханы кең еді. Тұрмысқа шыққан қыздардың жасауына өз қолымен басқан екі киізден қосқаны есімде қалыпты.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтарды еңсеру елге оңай болған жоқ. Шаруашылықтар таратылды. Жұмыссыздық белең алды. Осындай кезеңде ұл-қыздарымның жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман болып шығуы үшін тынбай еңбектенуге бел будым. Қосымша сауынды бие, сиыр сатып алдық. Саумал, қымыз, сүт, айран, ірімшік, құрт өнімдерін Тараз қаласындағы шағын аудандарға апарып, саттым. Қолым қалт еткенде тігін машинасына отырып, көрпе-көрпеше, кейде қыз жасауын тігетінмін. Қолыңнан іс келетін болса, ерінбей еңбек етсең, жемісін көреді екенсің.
«Өнер таусылмас қазына, жұтамас байлық» деп халқымыз тегін айтпаған. Түрлі мата қиындыларын қиюластыра отырып, құрақ көрпе, көрпеше, мойынжастық, төсеніштің түрлері, сондай-ақ экологиялық жағынан таза, денсаулыққа пайдалы, табиғи жолмен басылған дәстүрлі киізден түрлі бұйымдар жасауға ден қойдым. Киізге негізінен қой мен ботаның жүндерін пайдаланам. Киізден жасалған текемет, сырмақ, кәдесыйдың алуан түрі, көкірекше, киіз қалпаққа салынатын ою-өрнектің түсіне, үйлесімділігіне қатты мән беремін. Қолөнерімді мақтан тұтамын, адамдардың қажетіне жарап жатқанына ризамын, әрі қолым қалт еткендегі ермегім, әрі қосымша табыс көзім. Соңғы уақытта киізге сұраныс артып келеді. Киізден жасалатын бұйымдарды тапсырыс берушінің талғамына сай жасаймын, әрі бағасы қолжетімді. Сондай-ақ ұлттық қолөнерге қызығушылық танытып жатқан қыз-келіншектерге киіз басудан шеберлік сағаттарын өткізуді де назардан тыс қалдырмадым», – дейді апай ағынан жарылып.
Киіз басудың шебері атанған Әлимаш Теміржонова – Үлгілі ауылдық, Байзақ аудандық аналар кеңесінің мүшесі. Биылғы жылдың мамыр айында Қаратау бөктерінде “Қызғалдақ мұрасы” халықаралық фестивалі өтіп, онда жамбылдық 100 қолөнерші (оның ішінде Әлимаш апай да бар) қызғалдақ бейнесі бедерленген 200 шаршы метрлік киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енген болатын.
Әлимаш Жәдігерқызы үйінің бір бөлмесіне қайын атасы мен енесінің (арғы әжесінің) қолданған тұрмыстық бұйымдарынан көрме ашыпты. Көрмеде не жоқ десеңізші. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары қолданған тұрмыстық заттар, керосин шамы, тас диірмен, қазан, асқабақтан жасалған құмыра тәріздес тұз салғыш, кетпен түрлері, ат абзелдері, жүн түтетін шағын станок, арба дөңгелектері, самаурын, келі-келсап, құман, шәйнек, тағы басқалар.
– Атам мен енемнің қолданған тұрмыстық бұйымдарын музейге өткізуге қимаймын. Немере, шөберелерім халқымыздың күнделікті қолданған бұйымдарын жетік біліп, өткен тарихымызға құрметпен қараса деген ниеттен туындаған көрме ғой бұл, – дейді апай.
«Мен үшін бәрінен кітап қымбат»
«Кітап сыйласа қуанамын», деп сөзін бастады отағасы Баубек Асанұлы. Осы ауылда дүниеге келіп, білім алып, жоғары оқу орнын бітірген, еңбек жолын ішкі істер органында бастаған Баубек ағамыз да аңқылдап қалған, сөзге шешен азамат көрінді. Тәртіп сақшысы болып қызмет жасаған жылдарын, батыл да жаужүрек әріптестерін еске алды. Зейнетке шыққан соң да біраз жерде күзетші болып жұмыс жасапты.
Баубек ағаның анасы Шонық Әбделиева Үлгілі ауылының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, темір тұлпарды тізгіндеген қыз-келіншектердің бірі болған. Әкесі Асан Бұқарбаев соғыс жылдарында Челябинскіде еңбек лагерінде, кейіннен колхоздың қара жұмысында шыныққан, кісінің ала жібін аттамаған, елге сыйлы қария ретінде ел есінде қалыпты.
Ағамыз 73 жасқа келсе де әлі тың, ширақ. Он жыл бұрын ұлдары Жетісудан әкеп берген, бес түрлі сортты 100 түп алма ағашын аулаға егіп, күтім жасап жатқандығын мақтанышпен жеткізді.
– Алма ағаштары да бала секілді. Бабын тапсаң жемісін үйіп-төгіп береді. Түбін қопсытып, әктеп, уақытында дәрілерін шашып, қураған бұтақтарын кесіп отырамыз. Жыл сайын алмадан жақсы өнім жинаймыз. Немерелерім де келіп, бау-бақшаға күтім жасауға көмектерін беріп тұрады. Қосымша қызанақ, картоп, күнделікті тамаққа қажетті дақылдарды да егеміз. Өз бақшаңнан табиғи таза, балғын жеміс-жидектерді үзіп жегенге не жетсін.
Былтырдан бері сүтті ешкі ұстап отырмыз. Жақында ұлдарым тағы екі ешкі әкеп берді. Ішкеніміз ешкінің сүті мен айраны, құрты.
Бұдан бөлек, бос уақытымда көбіне кітап оқимын. Маған біреу кітап сыйласа қуанамын. Жастайымнан ақын-жазушылардың, шетелдік жазушылардың шығармаларын оқуды әдетке айналдырған жанның бірімін. Үйімізде кітап өте көп болатын. Басқа қалаларға барсам кітап сатып аламын, мен үшін бәрінен кітап қымбат. Жаңа үйді салған кезде біраз кітаптарым қолды болып кетті. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәде ниетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деп атап өткенін жақсы білеміз. Кітап деген адамның жан серігі ғой. Сандық технология қарыштап дамыған тұста еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға тәуелді болып қалды. Оданда бір мезгіл кітап, газет-журналдар оқыса, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлесімізді қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі оқып жатқаным – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», «Бір кем дүние». Халқымыздың белгілі жазушылары Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Әзілхан Нұршайықовтың «Қан мен тер», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Әбіш Кекілбаевтың атты туындыларын бірнеше рет қайталап оқыдым.
Қазір білім мен ғылымның заманы. Сондықтан өсіп келе жатқан жас толқын кітаппен дос болып, кітаптың құндылығын сезінсе, кітапқұмар болып өссе деген тілегім бар, – деп сөзін түйіндеді Баубек аға.
Кейіпкерлеріміз тамырын тереңге жіберген әулет. Құдай қосқан зайыбы Әлимаш екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардын 27 немере сүйіп отыр. Тұңғыштары Еркін – кәсіпкер, Елдары – геология саласында, Нәзирасы – балабақшада тәрбиеші, жеті баланың анасы, «Батыр ана». Ерболы – еңбекке оқыту орталығының «Aspi цех» зауытында шебер, Назипасы – Сарыкемер ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ернұры ішкі істер органында қызмет етеді. Ибалы да инабатты келіндерінің ата-енеге, туған-туысқа деген риясыз қарым-қатынастары көпке өнеге.