Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Көкпекті ауылына барып, Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектептің, «Көкпекті Толағайы» балабақшасының жай-күйімен танысты. Аймақ басшысы оқу және тәрбие мекемелеріндегі жаңғырту жұмыстары мен бүгінгі даму жағдайына оң бағасын берді.
1989 жылы салынған Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепте бүгінде 427 оқушы білім алуда. Оларға 55 мұғалім сапалы білім беріп келеді. Мектептің ерекшелігі – ұстаздардың ішінде 13 мұғалім осы білім ордасының түлектері. Бұл – мектеп ұжымының беделі мен оқушыға деген әсерінің нақты көрінісі. Солардың бірі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Нұрлан Құмарбекұлы, бүгінде туған ауылында математика пәнінен сабақ беріп жүр. Бұл – ауылға оралған білікті кадрдың нақты мысалы.
2023 жылы аталған мектеп «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында күрделі жаңғыртудан өтті. 27 оқу кабинеті толық жаңартылып, заманауи техникамен жабдықталған. Мектепте кітапхана, музей, телестудия жұмыс істейді.
– Кабинеттер заман талабына сай. Жаңа технологиялармен жабдықталып, оқушыларға болашақ мамандықтардың негізі үйретіліп жатыр екен. Бұл бағытты жалғастыру қажет. Сонымен қатар, мектепке жаңа автобус қажет екенін білемін. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады, – деді облыс әкімі.
Ардагер ұстаз Ерзат Қилыбаев мектептің ширек ғасыр уақытта алғаш рет осындай ауқымды жаңғыртудан өткенін айтып, облыс басшысына алғысын жеткізді.
Аудан орталығындағы «Көкпекті Толағайы» балабақшасы 1965 жылы салынған. 2016 жылдан бастап өз жұмысын қайта жандандырған мекемеде бүгінде 95 бала бес топта тәрбиеленіп жатыр. Мекемеде 33 қызметкер еңбек етеді. 2024 жылы балабақшаның қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтармен толықтырылған. Балабақшада балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда.
– Мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту – басты міндеттердің бірі. Мұнда балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған. Балабақшаларға қолдау көрсету жалғаса береді, – деді аймақ әкімі.