Жамбылда цифрландыру мен инвестиция тартуға тың серпін берілмек

0 3

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген форматта өткен актив жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыру жолдары талқыланды. Кеңес жұмысына облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен белсенді жастар қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде Президент Жолдауының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу – экономиканы жаңғыртудың стратегиялық бағыты ретінде ерекше маңызға ие. Ол мемлекеттік басқарудағы бюрократияны азайтып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға сеп болмақ.

Осы орайда облыста «Smart Region» стратегиясы әзірленіп жатыр. Аталған бастама өңірдегі барлық елді мекендерді толық қамтып, цифрлық шешімдер арқылы әлеуметтік-экономикалық салаларды жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде жасанды интеллектке негізделген FaceID технологиялары енгізілуде. Алты жүзден астам мектепке орнатылған «ақылды бейнебақылау» жүйесі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Денсаулық сақтау саласында да жасанды интеллект көмегімен қатерлі ауруларды ерте диагностикалау мүмкіндігі пайда болды. Ал құрылыс пен жер қатынастары салаларында жаңа технологиялар тиімді шешім қабылдауға жол ашып отыр. Жергілікті полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған 2000 бейнебақылау камерасы арқылы қоғамдық қауіпсіздік деңгейі едәуір артты. Сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін тиімді қарау үшін жаңа пилоттық жобалар іске қосылуда. Бұл – мемлекеттік органдардың халықпен байланысын жаңа сапаға көтеретін нақты қадам.

Жиында инвестиция тарту мәселесі де кеңінен сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, шетелдік және отандық капиталды өңір экономикасына тарту – басты басымдықтардың бірі. Бүгінде өңірде жалпы құны 3,5 триллион теңгеден асатын 62 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Оның 16-сы – шетелдік жобалар. Биылдың өзінде құны 175,2 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Zhambyl Invest» атты арнайы мекеме құрылып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуде. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуды ерекше назарда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге, ірі кәсіпорындармен қатар шағын және орта бизнес жобаларын да қолдау керектігіне тоқталды.

Кеңесте адами капиталды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, көлік логистикасын жетілдіру, ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері де кеңінен қамтылды. Сала жетекшілерінің баяндамаларын тыңдаған өңір басшысы әр бағыт бойынша жүйелі жоспар әзірлеуді тапсырды.

– Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Жолдаудан туындайтын міндеттер – баршамызға артылған үлкен жауапкершілік. Бұл өзгерістердің игілігін әрбір азамат нақты сезінуі тиіс, – деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша алдағы уақытта Мемлекет басшысы Жолдауында айқындалған мақсаттарды іске асыруға бағытталған өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.