Көкшетауда жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталды

0 2

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетауда салына бастаған жылу-электр стансасының құрылыс алаңында болып, бастапқы жұмыстардың барысымен танысты.

Қазақстан Үкіметі Көкшетау жылу электр орталығын өз күшімізбен салу жөнінде шешім қабылдады. Бұған дейін стансаны Ресей Федерациясының жеңілдетілген несиесі есебінен салу жоспарланған еді. Алайда, ресейлік тараптың шешім қабылдауындағы кідірістерге байланысты Үкіметтің тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» қоры жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етіп, бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ Көкшетаудағы жаңа жылу электр орталығының құрылысын бастап кетті.

Стансаның белгіленген қуаты – 240 МВт электр энергиясы және 520 Гкал жылу энергиясы. Жылу-электр орталығы Көкшетау қаласының жылуға деген сұранысын толық өтеп, тұрғындарды жылумен және электр қуатымен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Бұл – Көкшетау үшін аса маңызды, тарихи оқиға. Жаңа ЖЭО қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі — жылу-электр орталығы энергиясы мен ыстық су тапшылығын шешеді. Бұл тұрғындарға жайлы жағдай жасап қана қоймай, қаланың дамуына, жаңа өндірістер мен кәсіпкерліктің өркендеуіне серпін береді, – деді облыс әкімі.

Марат Ахметжановтың айтуынша, жылу-электр орталығы жанынан энергетиктер қалашығы да бой көтереді. Жұмысшыларға арнап тұрғын үйлер салынады. Сонымен қатар, кадр даярлау жұмыстары басталды. Биыл өңір басшысының гранттары энергетика саласына маманданған жоғары оқу орындарына бөлініп отыр, алғашқы 10 грант Степногорск қаласының талапкерлеріне берілді. Олар үшін құрылыс нысанында ақылы өндірістік тәжірибе де қарастырылған.

Жалпы 300 гектардан астам аумақта станса, газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, 110 кВ ашық тарату құрылғысы, мазут шаруашылығы, көмірге арналған жабық қойма және өзге де инфрақұрылымдық нысандар салынады.

Облыс әкімі мен «Самұрық-Энерго» басшысы құрылыс алаңында мердігер ұйымдардың қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

– Станса құрылысын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы «Көкшетау ЖЭО» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыста Қытайдың заманауи құрал-жабдықтары қолданылады. Бұл жабдықтар энергия тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар, стансаның қуатын арттыру мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Бұл үшін қажетті инфрақұрылым салынады, алдағы уақытта өңірде тұтыну көлемі артқан жағдайда қосымша энергоблок салуға мүмкіндік болады, – деді Қайрат Мақсұтов.

Аймақ басшысы мен «Самұрық-Энерго» төрағасына құрылыс жұмыстарының барысы туралы жобалаушы мен бас мердігер есеп берді. Қазіргі таңда инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, зауытта қажетті жабдықтарға тапсырыс берілген, алаңда құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жылу-электр стансасының құрылысын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.