ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жұмысымен танысты. Сенаторлар оқу ордасының материалдық-техникалық базасын, зертханалық кабинеттерін, тәжірибелік оқу алаңдарын және оқу-жаттығу мақсатында құрылған «Жасыл дәріхана» жылыжай кешенін аралап көрді.
1928 жылы «Қазақ акушерлік техникумы» атауымен құрылған оқу орны – бүгінде өңірлік денсаулық сақтау жүйесіне қажетті орта және орта білімнен кейінгі медицина мамандарын даярлайтын алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Қазіргі уақытта колледж шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ретінде жұмыс істейді. Колледжде стоматология, ортопедиялық стоматология, емдеу ісі, мейіргер ісі, акушерлік ісі, лабораториялық диагностика, фармация, гигиена және эпидемиология, мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры мамандықтар бойынша білім беріледі.
Колледж директоры Жанар Қалмақованың айтуынша, қазіргі таңда білім ордасында 2034 студент білім алуда. Биылғы оқу жылын 740 студент аяқтамақ. Ал, «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша 858 маман даярланған, бұл – облыстағы барлық мейіргер кадрларының 10,4 пайызын құрайды.
«Түлектеріміздің 88 пайызы жұмысқа орналасып отыр. Кейбірі оқуын жалғастырып, академиялық бакалавр дәрежесін алып, дәрігерге дейінгі алғашқы қабылдауды өз бетінше жүргізе алатын деңгейге жеткен. Біздің түлектер тек Қызылордада ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде сұранысқа ие», – дейді оқу орнының басшысы.
Сенаторлар сапар барысында колледж ұжымының еңбегіне жоғары баға беріп, білім беру сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар мен ой-пікірлерді назарға алды. Сонымен қатар, медициналық білімнің елдің жалпы әлеуметтік тұрақтылығына ықпал ететін маңызды фактор екенін ерекше атап өтті.
Қызылорда медициналық жоғары колледжі – маман даярлайтын оқу орны ғана емес, халық денсаулығы мен аймақтың әл-ауқатына үлес қосып отырған стратегиялық маңызды мекеме. Мұндай оқу орындарына мемлекеттік қолдау мен заманауи талаптарға сай жаңғыру бағытындағы шаралар жалғасуы қажет.