Абай облысы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен республикалық деңгейде алдыңғы қатардан көрінді. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында мәлім болды.
Биылғы жылдың алты айында облыстың меншікті кірістері 135,4 пайызға орындалып, бұл көрсеткіш облыстар арасында ең жоғары нәтижеге айналды. Қаржыны жоспарлы әрі тиімді басқарудың арқасында бюджет қаражатын игеру де жоғары деңгейде – 99,6 пайызбен орындалған. Бұл – республика бойынша екінші үздік нәтиже.
Жалпы, облыс экономикасының өсімі жарты жыл ішінде 3,7 пайызды құрады. Нақты салалар бойынша: көлік секторы – 119,6 пайыз, құрылыс – 117,4 пайыз, байланыс қызметтері – 108,3 пайыз, ішкі сауда – 108,3 пайыз, ауылшаруашылығы – 104,2 пайыз, өнеркәсіп 101,1 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. Бұл көрсеткіштер облыста іскерлік белсенділіктің, инвестициялық ахуалдың және мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың нәтижесі екені айтылды.
Әкімдік отырысында облысқа инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне терең талдау жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өңірлік саясаттың басым бағыты болып қала бермек.
«Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында өңірдегі экологиялық талаптардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Мемлекет басшысының Алакөл жағалауына қатысты сынынан кейін облыс әкімінің аппараты арнайы тексеру жүргізіп, коммуналдық жағажайлардың санитарлық жағдайын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл – өңірдің экологиялық мәдениетін және туристік әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Абай облысы соңғы уақытта экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, қаржы тәртібін нығайтып, экологиялық ахуалға да мән беріп отыр. Бұл – жүйелі басқару мен нақты іс-қимыл жоспарының жемісі. Жыл соңына дейінгі межелер де нақтыланып, даму қарқынын бәсеңдетпеу мақсат етілуде.