Цифрлық теңге биыл толық көлемде іске қосылады

0 5

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен цифрлық теңге арқылы ақшаны таңбалау және бақылауға қатысты пилоттық жобалардың іске асырылу барысы талқыланған жиын өтті. Кеңес жұмысына Үкімет мүшелері мен салалық министрлер, сонымен қатар бейнебайланыс арқылы Ішкі істер министрі және басқа да жауапты мекеме өкілдері қатысты.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда цифрлық теңге платформасы тәжірибелік-өнеркәсіптік режимде жұмыс істеп жатыр. Биыл желтоқсан айында жүйе толық көлемде іске қосылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда 257,5 миллиард теңге көлемінде цифрлық теңге айналымға шығарылған.

Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жаленов цифрлық теңгенің оннан астам бағыт бойынша сынақтан өткенін айтты. Соның ішінде цифрлық ҚҚС тетігі салықты қайтару мерзімін 75 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар, жол жөндеу, газ құбырларын тарту және теміржол құрылысы сияқты ірі жобаларда бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын бақылауға арналған «ақшаны бояу» әдісі сынақтан сәтті өтіпті.

Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін несиелерге цифрлық бақылау орнатылып, уақытша бұғаттау тетігі қолданыла бастаған. Жылжымайтын мүлік, автокөлік, мектептегі тамақтану, қымбат заттар сату, агроөнеркәсіптегі мемлекеттік қолдау бағыттарында цифрлық теңгені қолдану мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

Премьер-Министр жиында цифрлық теңгенің басты артықшылықтарын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құрал бюджет қаражатының толық ашықтығы мен жүйелі бақылауын қамтамасыз етеді. Бұл орайда ақпараттық жүйелерді «Цифрлық теңге» платформасымен уақтылы интеграциялау және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. «Боялған ақша» тетігін сапалы әрі толық енгізу үшін заңнамалық негіздер әзірленіп жатыр. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңға тиісті түзетулер дайындалуда.

Жиын қорытындысында Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен бірлесіп, цифрлық теңгені экономиканың түрлі секторларына кең көлемде енгізуге арналған Жол картасын дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны цифрлық теңге форматына көшіру міндеті қойылды.