Қайтарылған қаржы – ел болашағына салынған инвестиция

0 3

Зеренді ауылында жаңадан салынған спорт мектебінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысан – елімізден заңсыз шығарылған қаражатты мемлекетке қайтару бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты жемісі.

Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов арнайы қатысып, жаңа спорт мектебінің ел болашағына қосар үлесі мен қоғамдық маңызын атап өтті.

— Заңсыз шығарылған қаражат елге қайтарылып, ел игілігіне жұмсалуы – мемлекет жүргізіп отырған саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл — әділетті Қазақстанның нақты көрінісі. Бүгінгі спорт мектебі – осы бағыттағы нәтижелі жұмыстың айғағы, – деді облыс әкімі.

Бас прокурор Берік Асылов өз сөзінде қайтарылған қаражаттың әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағытталып жатқанын атап өтті.

— 2024 жылы мемлекетке 707 миллиард теңге қайтарылды. Оның 240 миллиард теңгесіне 333 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынуда. Зерендідегі бұл спорт мектебі – сол жобалардың бірі. Қайтарылған әр тиын болашақ үшін жұмыс істеуі тиіс, – деді ол.

Зеренді ауылындағы спорт мектебінің құрылысы 2025 жылдың қаңтарында басталған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, нысан небары бес айда салынып бітіп, алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдауға толық дайын.

Жаңа спорт мектебі 6000 шаршы метр аумақта орналасқан. Бір уақытта 90-ға жуық бала жаттыға алады. Сонымен қатар, алыстан келетін спортшылар үшін 48 адамға арналған жатақхана қарастырылған. Мектепте күрес, бокс, ауыр атлетика, шаңғы спорты және жалпы дене даярлығы бойынша секциялар жұмыс істейді. Барлық жаттығу залдары жаңа үлгідегі спорттық жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ медицина кабинеті мен қызметкерлерге арналған кеңсе бөлмелері де бар.

Жаңа спорт мектебінде қазірдің өзінде 42 адам жұмыс істейді, ал толық қуатында іске қосылған кезде 73 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл – тек Зеренді ауылы үшін емес, бүкіл өңір спортшылары үшін ашылған мүмкіндік.

Зеренді ауылында бой көтерген спорт мектебі – елге қайтарылған қаражаттың халық игілігіне дұрыс жұмсалуының жарқын көрінісі. Бұл жоба – әділеттілік пен даму жолындағы сенімді қадам.