Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаланың сумен қамту инфрақұрылымымен танысып, құрылыс және жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл сапар мегаполисті ауызсумен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды шаралардың бір бөлігі болды.
Шаһар басшысы «Наурызбай» және «Бостандық» аудандарында орналасқан маңызды нысандарды аралап, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Әуелі әкім «Қарағайлы» шағынауданындағы су тарту және су тазарту кешеніне барды. Бұл заманауи нысан «Наурызбай» ауданындағы халық тығыз орналасқан аумақтарды сапалы әрі тұрақты ауызсумен қамтуға арналған. Кешен тәулігіне 1 000 текше метр су өндіруге қауқарлы.
Бүгінде құрылыс толық аяқталған. Қазір онда реагенттер мен сүзгілеу жабдықтарын орнату, автоматтандыру және басқару жүйелерін іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Әкім құрылыс мерзімі мен іске қосу кестесіне қатысты нақты ескертулер жасап, жауапты тұлғаларға жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Келесі нысан – Асқаров көшесінде жүзеге асатын су құбырларын жаңарту және сорғы стансасын қайта құру жобасы. Бұл ауқымды жоба аясында жаңа екінші көтерілімдегі сорғы стансасы салынып, ескі резервуарлар жаңғыртылады, инженерлік желілер толығымен ауыстырылады. Жаңа жүйе 15 мыңнан астам тұрғын мен әлеуметтік мекемелерді ауызсумен үздіксіз әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс шілде айында басталмақ.
Қала басшысының сапары «Нұр Алатау» шағынауданындағы «Резервтік көл» деп аталатын гидротехникалық нысанда аяқталды. Бұрын мұнда 300000 текше метр су жинақталып келген, алайда техникалық ақаулар мен апат қаупіне байланысты нысан жұмысын тоқтатқан.
Қазіргі таңда бұл нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, оны қайта іске қосу көзделуде. Жоспар бойынша, мұнда мембраналық сүзгілеу қондырғылары орнатылады, көлемі кемінде 6000 текше метр жаңа таза су резервуарлары салынады және суды залалсыздандыру жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ нысанның бір бөлігінде тұрғындарға арналған саябақ немесе сквер сынды жасыл аймақ жасау жоспарда бар.
Жұмыс сапары қорытындысында Дархан Сатыбалды жауапты мекемелерге жобаларды үйлесімді жүргізуді, туындаған түйткілдерді дереу шешуді және іске қосу-реттеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. «Тұрақты сумен қамту – қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Біз халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Барлық жұмыс белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс», – деді қала әкімі.
Алматыда заманауи, сенімді және қауіпсіз сумен қамту жүйесін құру қала инфрақұрылымын дамытудың басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.