ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің мәслихат депутаттарымен және жергілікті қоғам өкілдерімен кездесті. Іссапар аясында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмалардың өңірде орындалу барысымен танысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды нысандарды аралады. Сенат Төрағасы «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы және әлеуметтік мекемелердің хал-ахуалына назар аударды.
Облыстық мәслихат депутаттарымен өткен кездесуде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы жүзеге асыру үшін Парламент пен жергілікті өкілетті органдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Президенттің Жолдауында және Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында өңірлердің өркендеуі, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылығын дамыту басты бағыт ретінде белгіленген. Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыруда заң шығару процесі мен жергілікті атқарушы құрылымдардың өзара байланысы шешуші рөл атқарады.
Сенат Төрағасы Жамбыл облысының қазіргі таңда экономикасы тұрақты дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айта отырып, бұл әлеуетті толық пайдалану үшін барлық деңгейдегі өкілді органдар мен қоғам өкілдері бірігіп жұмыс істеуі қажет екенін жеткізді. Ол Президенттің инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және өндіріс көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмалары аясында Жамбыл облысында бірқатар жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Облыста өңдеуші өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес, әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарында серпінді даму байқалады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, денсаулық сақтау мен білім беру нысандары бой көтеруде.
Мәулен Әшімбаев Сенаттың алдағы уақытта Жамбыл облысынан сайланған депутаттармен бірге өңірдің жан-жақты дамуына қолдау көрсете беретінін жеткізді. Ол заң шығару процесіне мәслихат депутаттарын кеңінен тартудың, сондай-ақ жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге ықпал етудің маңызын да атап өтті. Осыған байланысты Сенат жергілікті өкілетті органдармен бірлескен жұмыстарды әрі қарай да жүйелі түрде жүргізе бермек.
Сапар барысында Сенат басшысы Жамбыл облысының дарынды және белсенді жастарымен де жүздесті. Кездесуде ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жастар саясаты мен ұлттық бағдарламалар сөз болды. Мәулен Әшімбаев жастарды заман талабына сай білім алуға, жаңа технологияларды меңгеруге және үздіксіз өзін-өзі дамытуға шақырды. Оның айтуынша, елімізде білім алу мен кәсіби дамуға барлық жағдай жасалған. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – жастардың өз қолында. «Сонымен қатар, жастарды мемлекеттік басқару ісіне белсенді тарту, заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың әлеуетін арттыру – Сенаттың басты бағыттарының бірі», деді Сенат басшысы.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Тараз қаласындағы облыстық әлеуметтік оңалту орталығында болып, мекеменің жұмысымен танысты. Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға қажетті барлық жағдай жасалған. Сапар аясында сенаторлар Байзақ ауданындағы «Мейірім» балабақшасына да барды. Бұл мекеме «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жабдықталып, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда балабақшада ауылдың 125 бүлдіршіні тәрбиеленуде.
Сенаторлар бұдан бөлек, ауылшаруашылығы саласына арналған фторсыздандырылған фосфат өндіретін «Минералды тыңайтқыштар» кәсіпорны мен «JS GLASS» шыны зауытының қызметімен танысты. Бұл кәсіпорындарда өндірістік қуаттылықты арттыру және өңір экономикасына үлес қосу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Мәулен Әшімбаевтың бұл сапары Жамбыл облысының дамуына жаңа серпін беруімен, Сенат пен өңір арасындағы өзара байланысты одан әрі тереңдетуге бағытталған нақты қадамдармен ерекшеленді. Сенат Төрағасы өз сөзінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру елдің басты мақсаты екенін атап өтіп, бұл жолда заңнамалық қолдау мен жергілікті бастамалардың бір арнада тоғысуы шешуші мәнге ие екенін атап айтты.