Бұқаралық ақпарат құралдары – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Ал, сол халықтың тыныс-тіршілігін, ел мен жердің жаңалығын, жақсының үлгісін, жаманның кемшілігін қалт жібермей жазып келе жатқан басылым болса, ол – шын мәнінде тарихтың өзі. Биыл сондай шежірелі тарихы бар «Шу өңірі» – «Шуская долина» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толып отыр.
Басылымның алғашқы нөмірі «Социалды еңбек» деген атпен 1935 жылы 16 маусымда жарық көрген. Оның алғашқы редакторы – Қартайған Молдақұлов. Сол жылы қайтыс болған мемлекет және партия қайраткері Сергей Кировтың есімін есте қалдыру мақсатында газет аты «Кировшы»-«Кировец» болып өзгертіледі. 1962 жылы газет қазіргі «Шу өңірі» – «Шуская долина» атауын алады. Содан бері қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып жүрген аудандық басылымда бірнеше буын өкілдері қызмет атқарды. Тоқсан жыл Шу өңірінің шежіресін жазып келе жатқан «Шу аудандық баспасы» ЖШС-ына қарасты басылымды қазіргі таңда ілкімді жас редактор Ерғали Қартайған басқарып отыр. Кейінгі жылдары қаржыландыру көзі ұлғайып, газет «D2» форматында үш мыңнан астам дана таралыммен жарық көріп келеді.
Жақында Шу аудандық мәдениет үйінде шежірелі басылымның мерейтойына орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, “Salyq tartibi”газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ардагер журналистер Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуаныш Иембердиев, “Egemen Kazagstan” газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абайлдаев, облыстық “Jambyl TV” телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, республикалық “Tekturmas” журналының бас редакторы Маржан Рақай және өзге де жамбылдық қаламгерлер қатысты.
Мерейтой салтанатына жиналған жұртшылық алдымен шежірелі «Шу өңірі» газетінің өткені мен бүгіні баяндалған бейнетаспаны және Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған «Ұлттың ұлы көсемі» атты сахналық қойылымды тамашалады. Ел рухын көтеріп, руханиятты ұлықтаған көрініс көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұдан кейін сахна төріне облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман көтеріліп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаевтың жүрекжарды лебізі жазылған хатты басылымның бас редакторы Ерғали Қартайғанға табыстады. Жиын барысында осы газетті жиырма жылға жуық уақыт басқарған жазушы-журналист Ахметжан Қосақов пен сала ардагері Тампылбай Молдақұлов сөз алып, басылымның өткені мен бүгіні жайлы ой қозғады.
– «Шу өңірі» – тек газет емес, бұл – ауданымыздың алтын архиві. Бұл – ел тарихын, халық тағдырын, өңірдің шежіресін тасқа басқан рухани мұра. Біз үшін бұл мерейтой – тек өткенді еске алу емес, келешекке жаңа серпінмен қадам басу, – деп атап өтті аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков өзінің құттықтау сөзінде.
«Шу өңірі» газетінің ұжымы аудан әкімдігінің қолдауымен биылдан бастап Шу өңірінен шыққан белгілі қаламгерлер туралы кітаптар сериясын шығаруды қолға алған екен. Салтанатты жиын барысында осы кітаптар сериясының тырнақалдысы – осы Шу өңірінің тумалары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, кезінде облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметін атқарған Әлдихан Қалдыбаев пен ҚР мәдениет қайраткері, ақын Бақыт Исаеваның ғибратты ғұмырына арналған қос кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ газет мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Шуақты Шу өңірім – құт мекенім» атты шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Үздік мақала» аталымында жеңімпаз атанған Ахметжан Қосақовқа және «Үздік ақын» номинациясының жеңімпазы Тампылбай Молдақұловқа аудан әкімі сыйлықтарын тапсырып, шапан жапты. БАҚ саласының үздіктері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғысхаттармен марапатталды.
Бір күн бұрын «Шу өңірі» газетінің мерейтойы аясында жамбылдық журналистер арасында тастаяқтан жарыс ұйымдастырылған болатын. Тартысты өткен турнирдің қорытындысында «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абайлдаев топ жарса, жүлделі екінші орынды «Astana» телеарнасының тілшісі Берік Жақұлаев, үшінші орынды журналист Нұрболат Сатымқұл иеленді. Олардың жүлделері де осы аталған іс-шара барысында табысталды.
Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.