Қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобалар жүзеге асуда

0 6

Шу ауданында халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар қарқын алуда. Бұл жұмыстар – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Прокуратураның деректеріне сәйкес, қазіргі таңда мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы сомасы шамамен 610 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 506 миллиарды – қаржылай қаражат, ал 103 миллиарды – мүліктік активтер. Осы қаражаттың бір бөлігі Шу ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталған. Атап айтқанда, бес су құбыры нысанының құрылысы қаржыландырылып, үшеуінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Шу қаласындағы «Горгаз» шағынауданында инфрақұрылымның құрылысы басталғанын білдіретін «капсула» салу рәсімі өтті. Аудан әкімінің орынбасары Найманхан Әбдрашев өз сөзінде бұл нысан тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Адамдар «қайтарылған активтер қайда жұмсалуда?» деп жиі сұрайды. Бүгін біз нақты жауабын көріп тұрмыз. Бұл – халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылым. Мұның бәрі қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асып жатыр, – деді ол.

Өз кезегінде аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың тиімді өзара іс-қимылының маңызын ерекше атап өтті.

– Активтерді қайтару – тек есептегі сандар емес, бұл – қоғам игілігіне жұмсалатын нақты ресурс. Біз қаражаттың әр тиыны мақсатты әрі ашық жұмсалуын мұқият бақылауда ұстаймыз. Шу қаласындағы су құбырының құрылысы – прокуратура мен әкімдік бірлесе әрекет еткенде халық нақты пайда көретінінің айғағы. Ең бастысы, мұндай жобалар бір реттік емес, тұрақты үрдіске айналуы керек, – деді прокурор.

«Горгаз» шағынауданындағы құрылыс алаңы 1,2 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны 1,435 миллиард теңге, ал құрылыс мерзімі – 8 ай. Бас мердігер – «Интеллект Азия» ЖШС, жобалаушы – «BSS Group Engineering» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «DACO Engineering» ЖШС. Осы мердігер мен жобалаушы «Жайсан» шағынауданында да ауызсу жүйесін тартып жатыр. Бұл нысан 1,5 гектар аумақта орналасқан. Жобаның құны – 990,9 миллион теңге, құрылыс мерзімі – 9 ай. Техникалық қадағалау «Жамбыл экспертиза» ЖШС қарамағында. Үшінші су жүйесі «Жанқұлиев» шағынауданында салынуда. Жоба құны – 1,078 миллиард теңге, мерзімі – 9 ай. Барлық жобалар бойынша тапсырыс беруші – аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.

– Құрылыс аяқталған соң жүздеген отбасы сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Біздің басты мақсатымыз – сапалы әрі уақтылы аяқталған жұмыс, – деп түйіндеді Найманхан Әбдрашев.

Алайда, «Қосқұдық» шағынауданының тұрғындары басқа шындықпен бетпе-бет келіп отыр. Бірнеше жыл бұрын бұл аудан орталық су жүйесіне қосылғанымен, ауызсудың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейді. Бұл мәселе жергілікті баспасөзде де бірнеше рет көтерілген.

– «Қосқұдық» тұрғындарының су сапасына қатысты шағымдарымен таныстым. Қазіргі жүйе ескі әрі тозған. Алайда, мәселені шешудің жолы бар. «Горгазда» су құбыры төселгеннен кейін, «Қосқұдық» жаңа желіге қосылатын болады, – деп сендірді Н.Әбдрашев.

Шенеуніктердің айтуынша, жаңа әлеуметтік нысандар халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, билікке деген сенімді де арттыра түспек.

– Азаматтар мемлекет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Бүгін біз мақтанышпен айта аламыз: әрбір теңге Шу қаласының болашағына инвестиция ретінде жұмсалуда, – деді аудан әкімінің орынбасары.