Мемлекеттік рәміздер – ұлт болмысының өзегі

0 3

Астанада ел руханиятына ерекше үлес қосқан көрнекті қаламгер, тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденовті еске алуға арналған «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты республикалық конференция өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, тарихшылар, қаламгерлер мен мәдениет саласының өкілдері қатысты. Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды. «Ербол Шаймерденов саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына, мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат еді. Ол елтаңба мен тудың мемлекеттік рәміз ретінде қабылдану кезеңінде комиссия мүшесі ретінде үлкен жауапкершілікпен еңбек етті. Кейін бұл саланы терең зерттеп, дамытуға елеулі үлес қосты», делінген құттықтау хатта.

Конференция барысында ҚР Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп сөз сөйлеп, тарихи тұлғаның қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

Жиын аясында Ербол Шаймерденовтің архивтен алынған бейнематериалдары көрсетіліп, ұлттық рәміздер тақырыбындағы өлеңдері оқылды. Конференция рухани мұраны дәріптеумен қатар, мемлекеттік рәміздердің маңызын ұғындыруға бағытталды.

Бұл шара – тек өткенге тағзым ғана емес, жас ұрпаққа елдік пен егемендіктің символдарына деген құрметті сіңірудің жарқын үлгісі болды.