Газ бен теміржолдағы төтенше жағдайларға жол берілмейді

0 4

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңір халқының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер талқыланды. Кеңесте теміржол бойында адамдардың пойыз астына түсіп қаза табуы және малдың өлімі, сонымен қатар тұрғын үйлерде газ құрылғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Жиынға облыстық энергетика басқармасы, автомобиль жолдары басқармасы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, Сапа талдау және бағалау орталығы, Полиция департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі қызметі, теміржол мекемелері, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «КажСервис» ЖШС, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл филиалы, «Интергаз Орталық Азия» ЖШС өкілдері, Тараз қаласы әкімдігінің және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері (бейнебайланыс арқылы) қатысты.

Кеңесте алғаш болып «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бахтияр Көпбосынов сөз сөйледі. Оның айтуынша, Тараз қаласында тұтынушылардың 80 пайызына техникалық қызмет көрсетілсе, қалған 20 пайызы – ең осал топ саналады және олармен жұмыс белсенді түрде жүргізілуі тиіс. Ол қызмет көрсету сапасын арттыру және қауіпсіздікті күшейту мақсатында газбен қамту аймақтарын нақты бөліп, жауапты ұйымдарды бекітуді ұсынды.

2025 жылы Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарындағы тоғыз елді мекенге газ тартылып, облыстың газдандыру деңгейі 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, газды қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жалғасады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыста газдың шығуы мен иісті газбен улануға байланысты 21 оқиға тіркеліп, 61 адам зардап шеккен, олардың 23-і – балалар. Бұл қайғылы оқиғалардың басты себептері – газ құрылғыларының техникалық ақауы және тұрғындардың қызмет көрсетуші ұйымдармен келісімшарт жасамауы.

Бахтияр Көпбосынов ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19-бабына сәйкес, тұрғындар газ жабдықтарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етіп, лицензияланған ұйыммен келісімшарт жасауға міндетті екенін еске салды. Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігінің №117 бұйрығына сәйкес, газбен жабдықтау ұйымдары тек бекітілген үлгідегі келісімшарт аясында қызмет көрсетуі тиіс.

Қанатбек Мәдібек бұл мәселелер бойынша кемшіліктерді жоюды тапсырды. Ол газ тұтыну үшін ақы жинайтын ұйымдардың да қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты болуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, газ құбырлары мен мұржаларды уақытында тазалап отырса, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар еді. Бұл ақпаратты халыққа кеңінен тарату – әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы – өте маңызды. Сонымен қатар, газ бағасын біріздендіріп, нақты есеп жүргізу, бақылау жүйесін ашық ету қажеттігі айтылды. Кейбір жағдайда тек төлем жинаумен шектеліп, газ құрылғыларының техникалық жағдайы мүлде ескерілмейді. Тексеру кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тұрғын үйлерді газдан ажырату қажет екенін де тілге тиек етті.

Кеңес барысында теміржол қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Жамбыл бөлімшесінің бас инженері Дүйсенбек Сыдықовтың айтуынша, соңғы жылдары пойыздың адамдар мен малды басып кету жағдайлары жиілеген. 2022 жылдан бері өңірде осындай 32 оқиға тіркеліп, оның 12-сі өліммен аяқталған. Атап айтқанда, Тараз, «Құмшағал», «Мыңбұлақ», «Шоқпар» стансалары мен басқа да елді мекендерде теміржол жолдары тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. 2024 жылы осындай төрт қайғылы жағдай орын алып, оның бірі – бала өлімімен аяқталған. Бұл жағдайлар рұқсат етілмеген өткелдердің, қоршаулардың жоқтығынан және жүк пойыздарының көбейіп кетуінен туындап отыр.

Осыған байланысты қауіпті аймақтарға қоршаулар орнатып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер (жерүсті немесе жерасты) салу, сондай-ақ жергілікті билік пен мемлекеттік органдардың бірлескен әрекетін күшейту қажет.

Кеңес қорытындысында барлық мүдделі тараптардың белсенді өзара іс-қимылының маңыздылығы атап өтілді. Қанатбек Мәдібек халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлығымыздың ортақ міндетіміз екенін айтып, нақты шаралар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс екенін ескертті.