Өңдеу өнеркәсібіне – 1 миллиард теңге

0 3

Жаңақорғандық Еркінбай Шідербаев – жиырма жылдан бері кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, түрлі салада тәжірибе жинаған ісмер азамат. Сауда-саттықпен айналысқан ол отбасылық наубайхананы да дөңгелетіп отыр. Уақыт өте келе, нан өнімдерінен бөлек, макарон өндірісін қолға алуға бел буады.

Алғашқы өнімдерін шағын көлемде дайындап көріп, бұл істің де қолынан келетініне көз жеткізген соң, нақты жоспар құрып, өндірісті кеңейтуді көздейді. Кәсіпкер нарықты зерттей отырып, халықтың макарон өнімдеріне деген сұранысының жоғары екенін аңғарған.

– Сауда табыс әкеледі, бірақ өнім өндірудің болашағы зор. Ең бастысы – бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау бар. Шағын және орта кәсіпке жасалып жатқан жағдай кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Еркінбай Шідербаев.

Өнім өндіруге бет бұрған кәсіпкер макарон шығару үшін арнайы жабдықтарды сатып алуға қаржы іздейді. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдайтын ұйымдар мен бағдарламаларға жүгініп, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының ұсыныстарымен танысады. Жобаға қажет қаражат мәселесі дәл осы орталық арқылы шешімін табады.

– Италиядан қажетті құрылғыларды таптық. Орталық біздің өтінімді жылдам қарап, қаржыландыру мәселесін шешіп берді. Нәтижесінде, қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, өндірісті бастауға мүмкіндік туды. Бүгінде макарон өнімдерін арнайы қаптамамен дайындап, нарыққа ұсынып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда бұл жоба аясында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер тек өндірісті дамытумен ғана шектелмей, өнімнің сапасына, қаптамасына да ерекше мән беруде. Ол өз тауарын бәсекеге қабілетті ету үшін үнемі ізденіс үстінде.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы директорының орынбасары Досжан Анасбаевтың айтуынша, макарон өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді.

– 2023 жылдың үшінші тоқсанында макарон өнімдерінің тұтыну көлемі еліміз бойынша 0,8–2,5 пайыз аралығында өсті. 2024 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 2,8 мың тонна макарон өндірілген. Негізгі өндіруші аймақтар – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент және Астана қалалары. Қызылорда өңірінде бұл сала әлі де даму үстінде. Кәсіпкерлер қызығушылық танытса, қолдау көрсетуге әзірміз, – дейді орталық өкілі.

Айта кету керек, биыл «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы өңдеу өнеркәсібін қаржыландыруға басымдық беріп отыр. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңге қарастырылған.

Өнім өндіру арқылы отандық нарықты отандық тауармен қамту – бүгінгі кәсіпкердің ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығы үшін де маңызды бастама. Шідербаевтың ісі – осы жолдағы нақты әрі жарқын үлгінің бірі.