Шығыс Қазақстанда көктем келісімен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқын ала бастады. Қоғамдық сана мен табиғатқа жанашырлықты үндестірген бұл бастама бүгінде бүкіл өңірді қамтып отыр. Бесінші сенбі қатарынан ұйымдастырылып отырған жалпыхалықтық сенбілік осының айғағы.
Облыс әкімі Берік Уәли жуырда Көкпекті ауданына жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарымен бірге сенбілікке қатысып, қолына күрек алып, жасыл көшет отырғызды. Бұл жолы ауданда 1000 түп шырша егілді. Жай отырғызылған ағаш емес, елге үлгі, келер ұрпаққа мұра болатын тіршілік тынысы.
Аймақ басшысы өз сөзінде табиғатты аялаудың, елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартудың маңызын ерекше атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны таза ұстаудың, жасыл желекті көбейтудің маңызын үнемі айтып келеді. «Айналамызды жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз» деген сөзі баршаға бағытталған үндеу іспетті. Бұл – тек сенбілік емес, бұл – жауапкершіліктің, ортақ мүдденің көрінісі. Сондықтан әр аудан, әр ауыл осы бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастыруы тиіс, – деді облыс әкімі.
Жалпы, облыс көлемінде өткен тазалық шарасына 105 мыңнан астам тұрғын мен 4500-ден астам ұйым жұмылдырылып, 1974 техника жұмыс істеді. Нәтижесінде 77 мың аула, 955 саябақ, 306 ескерткіш пен 595 су айдыны тазартылып, 20 мың тоннадан астам қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, сәуір айындағы сенбіліктерде жалпы саны 25 849 түп ағаш егілген.
Жасыл желек – елдің келешегі. Таза табиғат – ұлт денсаулығының кепілі. Демек, мұндай ауқымды бастамалар уақытша науқан емес, өмір салтына айналуы керек. Ал, оны қалыптастыратын – дәл осындай ортақ еңбек, ортақ мүдде.